25
Қантар

Санат жоқ 25.01.2016

Үлкеннен - үлгі, жастардан - жігер

25.01.2016ж. Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы сайлау конференциясын өткізді.



Конференцияның күн тәртібінде «Ақ жол» партиясының ҚР Парламент Мәжілісінің 5-інші шақырылымдағы атқарған жұмысы және 20-наурызда өтетін Мәслихат және Мәжіліс депутаттарына үміткерлерді ұсыну болды.
Конференцияда филиал төрағсы Анарбек Орман баяндама жасап, онда «Ақ жол» партиясының Парламент Мәжілісінің 5-інші шақырылымда елеулі еңбек атқарғанын атап өтіп, жеткен жетістіктерге тоқталды:
«ҚР Парламенті Мәжілісінің қазіргі, яғни 5-інші шақырылымы үлкен жұмыстар атқарды, әсіресе бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатында Парламент қабырғасында өте маңызды заңдар қабылданғанын айтып өткім келеді. Оның ішінде біздің «Ақ жол» партиясының елеулі үлесі бары анық. Әсіресе, шағын және орта бизнесті қолдау саласында еңбегі өте зор. Кәсіпкерлік Кодексіне орта бизнеске қатысты өзгерістер енгізу қаншалықты қиындықтар мен кедергілерге кездесті, бірақ соңында орта бизнес өкілдерін қорғайтындай заң актісіне қол жеткіздік. Осы Кәсіпкерлік Кодекстің жобасы бойынша жұмыс тобын «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашевтің өзі басқарғанын, оның ерен еңбегін айта кеткеніміз жөн болады. Сол сияқты Инвестицияға қатысты заңнамаларды қазіргі заман талабына сәйкестендіруде, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша, шенеуніктер жемқорлығы мен бизнестегі заң бұзушылықтарды бөліп қарау мәселесінде, жалған кәсіпкерлік мәселелері бойынша, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша жетістіктерге қол жеткіздік.
Ендігі мақсат – осы заңдарды дұрыс қолданып, Елбасымыз көрсетіп берген реформалардың жүзеге асуын қамтамасыз ету. Ол үшін болашаққа жаңа көзқараспен қарайтын тың күштер қажет. Президент Жарлығымен белгіленетін ендігі сайлау ел үмітін ақтайды деп есептеймін. Қазіргі жағдайда мемлекеттің алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру үшін мұндай қадам тың серпін береді. Себебі бұл мұраттарды орындау жаңа бастамалар мен идеяларды қажет етеді. Оның үстіне шешім саяси элитаның жаңаруына жағдай тудырады. Сондықтан, депутаттыққа уақыт сынына төтеп бере алатын, білімі мен тәжірибесі жеткілікті, халық мойындаған, көпшіліктің ойында жүрген азаматтар сайланғаны жөн. Солай болатынына Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Үндеуінде үлкен сенім білдіріп отыр, біз оны ақтауға бар мүмкіндігімізді саламыз деп сенемін» - деп мәлімдей отырып А.Орман: «Қазіргі кризистен құтылу жолы – өзімізді өзіміз отандық өндіріспен толық қамтамасыз ету. Шағын және орта бизнес өкілдері нағыз еңбекқор халық, ал халық байлығы – мемлекет байлығы, халқы кедей ел ешуақытта байымайды. Сондықтан да шағын және орта бизнесті байыту өте маңызды. Бізде әлі де болса осы өкілдерге қажетті деңгейде жағдай жасалмай отыр. Ендігі депутаттар да осы істі ары қарай жалғастырып, жақсы жетістіктерге жетуі керек» - деп қорытындылады баяндаманы.
Конференция делегаттары ендігі сайлауда жастарға көбірек сенім артып, жол ашу керектігін айта отырып, сонымен қатар көпті көрген, тәжірибесі мол, сабырлы да салиқалы саясатты ұстанатын, көрегенді ел ағаларын «Үлкеннен үлгі» - деген, үлгі алар азаматтардың да депутаттыққа ұсынылғанын жөн көретіндіктерін білдірді.
 
«Ақ жол»ҚДП ОҚОФ