11
Ақпан

Санат жоқ 11.02.2016

Банкротқа ұшыраған жеке тұлғалардың құқығын қорғайтын заң жобасы талқылануда



Банк алдындағы берешегін өтей алмаған жеке тұлғалардың мүддесі заң жүзінде қорғалуы тиіс. Бұл туралы бүгін Ұлттық банк, екінші деңгейлі банк, Үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысқан жиында «Ақ жол» партиясының мүшелері мәлімдеді. Басқосуда «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасы талқыланды. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығы қолданыстағы «Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау туралы» заңмен реттелген.  Ал банк алдындағы берешегін өтей алмаған жеке тұлғалардың мәселесі сырт қалып қойған. «Сондықтан бірінші кезекте жеке тұлғалардың төлем қабілетінің төмендігі заңмен реттелуі керек», – дейді ақжолдықтар.

Нұрлан Жазылбеков, «Ақ жол» ҚДП президиум мүшесі

-Қазақстан азаматтары жеке тұлғалар ретінде банкротқа ұшырағаны заңда қарастырылмаған. Бүгінде ипотека алып, ертең сол қаражатын төлей алмайтын, жағдайы жоқ көпбалалы аналар бар. Сол мәселені қарастыруға бүгін дайынбыз. 

Заң жобасы нақты себептерге байланысты өз міндетін атқаруға мүмкіндігі болмаған азаматтардың банкротқа ұшырауын айқындауды қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан қулықпен қаржылық жағдайын шешіп алғысы келетін алаяқтарға жол берілмейді.

Екатерина Никитинская, «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары

-Біз азаматтардың жағдайын реттеп, өзінің қаржылық міндеттерін ары қарай атқаруына мүмкіндік беретін заң жобасын жасауымыз керек. Яғни берешекті өндіріп алудың контрпродуктивті тетігін қолдануды тоқтатып, адал, бірақ жолы болмаған қарыз алушыларға жаңа мүмкіндік берілу керек.

Қазір «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасы Үкіметте қаралуда.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Дерек көзі - khabar.kz