«Ақжолдың» республикалық сайлауалды штабының мүшелері –Мәжіліс депуттатығына үміткерлер - партия жетекшісі А.Перуашев, Қ.Иса, Б.Дүйсембинов, Ә.Сұлтанов Шығыс Қазақстан облысының сайлаушыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Штаб мүшелері облыстағы өнеркәсіп және ауылшаруашылық мекемелерінде болып, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да оқытушылар және студенттермен кездесті. Аталған шараларға жергілікті маслихаттарға депутаттыққа үміткерлер де қатысты.
«Ақжолдықтар» Өскеменде қазіргі заманғы құрал-жабдықтар шығаратын «КазРоспромарматура» зауытында болды.
«Осындай өндіріс орындарын қолдау - басым бағыттардың бірі болуы тиіс, - деп атап өтті А.Перуашев. – Өткен жылғы біз тап келген девальвация – біздің импортқа тәуелді болып қалғанымыздың нақты көрінісі. Егер біз теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз етеміз десек, экономикамыз тұрақты болсын десек, өз өндірісімізді дамытып, дәл осындай кәсіпорындарды қолдауымыз қажет. Бұл біздің бағдарламада бар».
Естеріңізге сала кетейік, «Ақжол» партиясынан ұсынылған үміткерлердің көпшілігі - өз өнімдерін өндіретін компаниялардың өкілдері мен кәсіпкерлер.
«ВК Инжиниринг» компаниясының еңбек ұжымымен «ақжолдықтар» құрылыс алаңында кездесті. Компания Өскеменде тоғыз көппәтерлі үйлер салуда. Оның ішінде «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үй кешені де бар. «Ақжолдықтар» құрылыс бригадаларымен тұрғын үй құрылысының проблемалары және келешегін талқылады.
Үгіт-насихат тобы Ұлан ауданының Жанұзақ ауылындағы шаруа қожалығында болды.
«Біздің партия мен оның V шақырылымдағы парламенттік фракциясы кәсіпкерлік, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің проблемаларын шешуде көп жұмыстар атқарды. Бұл жұмыстар жалғаса береді», - деп атап көрсетті партияның ОК хатшысы Берік Дүйсембинов.
Түс ауа С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ғимаратында университеттің оқытушылары және студенттерімен, сондай-ақ «Ақжол» партиясының атынан облыстық, қалалық және аудандық маслихаттарға кандидаттарымен кездесу болды.
«Мен үшін бүгінде «университет немен айналысып жатыр, студенттер қалай өмір сүруде» деген мәселелер әрқашанда өзекті, - деп бастады сөзін А.Перуашев. - Біздің саяси және сайлауалды бағдарламаларымызда дәл осы экономикамызға қажетті кадрлар дайындау мәселесіне баса назар аударылған».
Ол фракцияның білім беру проблемаларына, гранттарды әділ бөлу, оқу орнын бітірушілерді жұмысқа орналастыру және басқа да мәселелерге байланысты сауалдарынан мысалдар келтірді.
Бұдан соң А.Перуашев Семейден және облыстың жақын аудандарынан арнайы кездесуге келген кәсіпкерлерді қабылдады.
«Ақжол» партиясы және оның сайлауалды штабы өзінің үгіт-насихат науқанын жалғастыруда.