Кез-келген еңбек адамы құрметке лайық
«Ақ жол» ҚДП Қызылорда облыстық филиалы баспасөз қызметі
Сайлау науқаны кезіндегі үгіт-насихат жұмыстары аясында «Ақ жол» партиясының өкілдері А.Тұртаев пен А.Қожамбетов Қызылорда қаласындағы ірі сауда орындарының бірі – «Жайна» сауда үйінде болып, кәсіптерін дөңгелентіп отырған жеке кәсіп иелерімен және сауда жасауға келген тұтынушылармен жүздесті. Кездесуде «Ақжолдықтардың» қоғам үшін жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыру жөніндегі өздерінің нақты іс-әрекеттерінің бағдарламасы жайлы айтылды.
А.Тұртаев V шақырылымдағы Парламенттегі «Ақ жол» партиясы фракциясының атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасап, партияның жеке кәсіпкерлер үшін салықтық есептілік бойынша, егер де аталған есептілік мемлекет бюджетіне тікелей залал келтірмесе, айыппұлды жою сияқты сайлауалды ұстанымдарын кездесуге жиылған көпшілікке жеткізді. Сонымен қатар, жұмыспен қамту жүйесін дамыту және жұмыссыздықты азайту туралы толыққанды мәлімет берді.
Жалпыға ортақ еңбек қоғамында – кез келген адал еңбек құрметке лайық екендігін айта келе, А.Қожамбетов әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, рухани-мәдени саланы дамыту, азаматтарды экстремизм мен терроризмнен қорғау мақсатында «Ақ жол» партиясының ұсынып отырған бағдарламаларын түсіндіріп өтті.
Үміткерлер кездесуге келген жеке кәсіп иелері мен тұтынушыларға «Ақ жол» партиясының қазіргі әлеуметтік, саяси және экономикалық проблемалардың сындарлы шешілуіне нақты іс-әрекеттерімен жәрдемдесуге дайын екендіктерін және өздерін қарапайым қазақстандықтарға адал қызмет ету үшін сайлауға түсетіндіктерін айта келе, әйелдер қауымын келе жатқан 8 наурыз мерекелерімен құттықтап, әрбір үйге, әрбір отбасына татулық пен ізгілік тіледі.