10
Наурыз

Санат жоқ 10.03.2016

«Ақ жол» партиясының кандидаттары жеке кәсіпкерлермен кездесті

9 наурыз 2016 ж 17:54, Солтүстік Қазақстан облысы



«Ақ жол» партиясы Солтүстік Қазақстан облысындағы жеке кәсіп иелерімен кездесті. Саяси ұйымның белсенді мүшелері жергілікті іскерлермен қазіргі экономикалық ахуал жайлы тілдесіп, бірқатар мәселелерге қанық болды. Үгіт-насихат аясында өткен жиынға 20-дан аса кәсіпкер қатысты, - деп хабарлайды партияның баспасөз-қызметі.
«Ақ жол» партиясы қайда жүрсе де бизнес өкілдерінің мұң-мұқтажын айтып, жетістіктерімен бөліседі. Оны білетін Петропавлдық кәсіп иелері бүгінгі кездесуге ерекше дайындалып келіпті. Партия белсенділері болса қазіргі таңда осы салада білікті кадрлардың тапшылығын айтып, кәсіпкерлерге мейлінше жеңілдіктер қарастырылса деген ниеттерін білдірді.
«Біздің ойымызша мемлекеттік сатып алуға қатысты заңға өзгертулер енгізіп, ретке келтіру керек. Қазіргі таңда осы мәселеге баса көңіл аударғанымыз абзал. Өйткені, бүгінгі экономикалық қиындыққа байланысты аталған мәселе де өткір тұр. Ал бизнес өкілдеріне қазір тұрақтылық қажет», – дейді «Ақ жол» партиясының мүшесі Руслан Ибрагимов.
Жалпы «Ақ жолдықтардың» осы жолғы сайлауалды бағдарламасы жаһанды жайлаған қаржы дағдарысына қарсы бейімделіп түзілген. Сондықтан ондағы барлық басым бағыттарды кездесуге келгендер ұйып тыңдады.
 «Қазіргі уақытта, осындай жағдайда кәсіпкерлерге өзіміздің бағдарламамызда жазылған көмек беру керек. Кәсіпкерлерге кедергі болмау керек. Кәсіпкерлікке кедергі болмаса, кәсіпкерліктер өздері жаңағы жұмысын тауып, ақшасын тауып, өндірісін дамытып ары қарай жұмыс істей алады. Сондықтан тек ғана тек ғана қазіргі уақытта кәсіпкерлерге көмек беру керек», - дейді «Ақ жол» партиясы РСШ мүшесі Талғат Ерғалиев.
Депутаттық мандатқа үміткерлер кездесуге келгендерге отандық өндірушілердің басымдығын қамтамасыз ету және шетелдік компаниялар тарапынан орынсыз бәсекелестікке жол бермеу қажеттігін де сөз етті. Алдағы сайлауда өздеріне дауыс берулерін сұрап, жұмыстарына табыс тілеумен жиынды аяқтады.

Дерек көзі - bnews.kz