Ғалымның сөзі ұнады елге
Зеренділіктермен болған кездесуді «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының штаб бастығының орынбасары Қайыргелді Исин ашып берді. Ол сөз кезегін астанадан әдейі келген ақжолдық мейманымызға берді.
Қайырбек Кемеңгер алғашында саясаттың адамы емес еді. Ғылымның шырағын жағамын деп көз майын тауысқан жан болатын. Ел оны «Ақ жол» партиясынан Парламентке үміткер ретінде танығалы саясаттың да қарбалас ошағына еніп кете барды.
Ғалымға саясат не үшін керек деген сауалға өзінің ұлы атасы Қошкенің ұлағатын аманаттауды парыз санағанынан да анық аңғарғандай болдық. Өз алашы үшін керек кезінде атқа қонбаса, оның зиялылығы қайсы. Сондықтан көкшелік қауым оны қандай кездесулерде болсын жылы қарсы алып, қауышып жатыр.
Қайырбек Кемеңгер де өзінің зиялы кейпімен жұрттың көңілінен шығып, тарих пен әдебиеттің тереңіне үңілген көзқарастары тартымды шығады.Мұны Зеренді ауданы орталығындағы №1 орта мектепте болған кездесу кезінде де көріп, қанықтық. «Ақ жол» партиясының бағдарламасын да сайлаушылар жүрегіне жеткізе алды. Құтты бұрыннан саясаткер тұлға ма деп те ойлап қалады екенсің. Жас та болса, талпынысы қуантты.
Кездесу кезінде өзінің ақындық шабытымен де жыр шумақтарын оқыды. Ғалым ретінде де біліктілігін танытса, ақын жандылығы да қарапайым халыққа жақын екенін аңғартады.
Оған көп сауалдар да жолданды. Барлығына мұқият жауап беріп, сайлау күні ақжолдықтарды қолдаңдар деп тіке айтпаса да, жұрт оның сөзінен осы тілекті ұғынғандай болды.
Жергілікті мәслихатқа кандидат болып ұсынылған Төлеген Ерден де өзінің жүрекжарды ойымен бөлісті. Жиын соңында аталған білім ордасының ұстазы Сәния Итжанова ақжолдық қонақтарға өзінің және ұжым атынан ризашылығын білдірді.
Бақыт СМАҒҰЛ