Құрылысшылар өз ойларын ортаға салды
Меруерт Қазбековаға Көкше жері етене таныс. Ол осы елдің тумасы. Бар кәсіпкерлік өмірі де осы қалада өтті. Соңғы жылдары Парламент Мәжілісі депутаты болып, елордаға қоныс тепкен еді.
Бұл жолы ол «Ақ жол» партиясы атынан үміткер ретінде жұмыс сапарымен жүр. Кәсіпкер Әділбек Ғабдуллин басқаратын еңбек ұжымындағы әңгіме өзегі де алдағы сайлау жайлы өрбіді. Құрылысшылар алдында сөз сөйлеп, саяси партияның бағдарламасы турасында тұжырымдарын ортаға салды.
Бүгінде шағын және орта бизнесті дамыту уақыт талабынан туындап отыр. Әлемдегі нарықта мұнай бағасының күрт төмендеуі ел экономикасына да әсерін тигізбей қалмады. Қазір шағын бизнесті дамытуға ерекше назар аударылып отыр. «Ақжолдық» үміткер осы жайына көбірек тоқталды.
Ал, онымен осы кездесуде болған Көкшетау қалалық мәслихатына кандидат Ғалымжан Көпішев кәсіпкерлік саланы дамыту жөнінде өз пікірін айтты. Себебі, ол да құрылыс кәсіпорнын басқарады. Сондықтан бұл саладағы жағдай оған бөтен емес.
Өкілетті органға сайлану арқылы көп мәселені шешуге болады. Әлі де болса қарапайым адамдардың тұрмыс тіршілігін жақсарту бағытында көп жұмыс істеуге тура келеді.
Әділбек Ғабдуллин де құрылыс салу кезінде кедерге болатын жайлармен бөлісті. Заң баршылық, орындалу жағы ақсап жататыны да еш жасырын емес.
Бұл кездесуде құрылыс жайы ғана емес, «Ақ жол» партиясының сайлау алды бағдарламасын жүзеге асырудың тетіктері жайлы әңгіме қозғалды. Әлеуметтік саланы жақсартудың жай-күйі де сырт қалған жоқ. Ал, өз сауалдарын қойған құрылысшылар еңбек адамының жағдайын жақсартудың мүмкіндіктері бұдан да көбірек қарастырылса деген ұсыныстарын айтты.