Ол сайлау науқаны басталғалы атқарылған іс-шараларға тоқтала келіп, партияның сайлауалды бағдарламасы жайлы әңгіме өрбітті. Қазіргі экономиканы жаңа үдемелі инновациялық бағытта дамытудың қаншалықты маңызды екенін айтып берді. Жан-жағымыздан қаржы қиындығы қысталаған шақта елдің еңсесін көтеру келелі істердің бірі. Әзірге халықтың тұрмыс жағдайы көштен қалып отыр деп тағы айта алмаймыз.
Жас кәсіпкер, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген, бірнеше тілді жетік меңгерген Ә.Атабаев білімді жастардың легінде аты аталып жүрген тұлғалардың бірі саналады. «Ақ жол» партиясының партиялық тізіміне де жайдан-жай кірмегені анық. Болашағынан зор үміт күттіретін жастардың қатарында есімі ауызға алынатынына сенім мол.
Міне, щучинскілік ұстаздар оның әсерлі сөзін тыңдап, «Ақ жол» партиясының елімізді дамытудағы бағдарламалық тұғырнамасына қанықты. Ә.Атабаев та өмірдің жік-жігі жайлы келелі ойлар қозғады. Экономиканы қалай қарышты дамытамыз, әлеуметтік саланы өркендетудің жолы қайсы деген сауалдарға байланысты өзінің және партияның сайлауалды бағдарламасының ілкімді тұстарын паш етті.
Бұл мәселе ұстаздар қауымын да қызықтырмай қалмады. Олардың тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Бірі білім саласындағы өміршең мәселелерді қозғаса, енді бірі тұрмыстың жайын да ауызға алды. Қазіргі сайлаушыларды толғандырған мәселелердің ауқымы кеңейе түскені тегін емес. Жұрт өз өкілдері – халық қалаулыларынан да зор үміт күтеді. Биік мінберден елдің мәселесі айтылса екен дейді.
«Ақжолдықтар» қашанда қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын айтумен келеді. Алдағы уақытта да осы қалыптарынан таймайтыны анық. Елдің де сенімі осыған саяды.
Бақыт Смағұл.