Кәсіпкерлікке бұқаралық сипат беру сөз болды
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Жетісай қаласында орталық мәдениет үйінде қала тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуге негізінен қаланың құрметті ақсақалдары, аудандық спорт мектебінің түлектері мен жаттықтырушылары қатысты.
Жетісай қаласы Қазақстанға белгілі «ақ алтынның» ордасы - Мақтарал ауданының орталығы, халық тығыз орналасқан, Өзбекстан Республикасымен шекаралас жатқан ірі аудан. Аудаңда 60-тан астам ұлт бар. Ауыл шаруашылық өндірісінің негізгі бағыты - шитті мақта өндіру. Мақтаарал ауданы республикадағы шитті мақтаның 80%-ын береді. Сонымен бірге, Қазақ-Қытай жіп иіру-тоқыма кәсіпорындары сияқты 37 өнеркәсіп орындары жұмыс істейді. Білім беру мекемелерінен 'Сырдария' университеті, гуманитарлық-медициналық, гуманитарлық-экономикалық, агробизнес колледждері бар. 2001 жылдың 1 қарашасында Сырдария өзенінің үстінен ұзындығы 400 метрлік 'Тәуелсіздік' көпірі салынып бітті.
Кездесу барысында Қазыбек Иса «Ақ жол» партиясының ҚР Парламент Мәжілісінің 5-шақырылымында атқарған жұмыстарына шолу жасап, елеулі еңбектеріне тоқтала отырып, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып өтті.
Кәсіпкерлікпен айналысатын өңір болғандықтан, Қазыбек Иса партия Бағдарламасындағы «Бизнесті қорғау және кәсіпкерлікке бұқаралық сипат беру» - деп аталатын бөлімге кеңінен тоқталды.
Спорт мектебінің директоры ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, аса жоғары дәрежедегі төреші Махмұт-Бақыт Жаңбырбаев Мақтарал өңіріндегі білім саласының мәселелерін көтерді, жетістіктермен қатар білім алуда кездесіп отырған кедергілер туралы да айтып өтті. Сонымен қатар, қала кәсіпкерлері қазіргі нарықтық жағдайға байланысты өздерін толғандырып жүрген әлеуметтік жағдайларға қатысты сұрақтар қойды. Сұрақ-жауаптан соң, жұмысшылар «Ақ жол» партиясының жұмыстары көңілге қонатындығын, сондықтан да алдағы атқарар істерге сәттілік тілеп, сенім білдірді.