«Ақ жолдың» үміткерлері мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдады
Бүгін «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалының сайлауалды штабында Парламент Мәжілісіне депутаттыққа үміткерлер Н.Жазылбеков, Д. Васильев және қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Ф.Константиновтер ғаріп жандарды қабылдады. «Подранки- Шарасыздар» мүгедектер қоғамдық бірлестігінен келген мұқтаж жандар әлеуметтік және денсаулық сақтау саласындағы өздерін мазалап жүрген бірқатар мәселелерін ортаға салды.
Мүгедектерге арналған жабдықтарға мемлекеттік сатып алуды жүргізу барысында оларға сапасыз жабдықтар алынатындығы, ол бұзылған жағдайда техникалық қызмет көрсететін орталықтар арнайы жабдықтың түсініктеме кітапшасында мемлекеттік немесе ресми тілде түсініктемесі көрсетілмегендіктен қызмет көрсетуден бас тартады. Осыған байланысты мүгедектер қоғамдық бірлестігі тендерді қарау комиссиясына өз өкілдерін мүше ретінде қосуды ұсынып отыр. Содан соң, қоғамдық орындар мен мемлекеттік мекемелерде мүгедектер үшін арнайы орынның тек қана қағаз жүзінде көрсетіліп, алайда іс жүзінде оның жоқтығын айтып өтті. Ғаріп жандардың осындай мұң-мұқтажын тыңдаған үміткерлер бұл мәселені назарда ұстап, қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар еңгізетін жоба дайындап, оларға қол ұшын созуға дайын екендіктерін жеткізді.