-Сіз «Ақ жол» партиясына қалай келдіңіз? Не үшін «Ақ жолды» таңдадыңыз?
-«Ақ жол» партиясы қазақ халқының тілін, мәдениетін және рухани құндылықтарын аяқ асты еткісі келген күштердің бетін қайтарып отырды, оларды біздің еліміздің барлық этностарының тілі және төл мәдениетін сақтай отырып, әрбір қазақстандықтың игілігіне айналдыруға мүмкіндік берді. Сыртқы әлемге ашықтығымыздың арқасында Қазақстан азаматтары жалпы әлемдік құндылықтарға, ғылыми-техникалық және мәдени жетістіктерге барған сайын көбірек араласа бастады. Жеке тұлғаның кәсіби, шығармашылық, рухани дамуына ел ішіндегі саяси тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісімдер бойынша қолайлы жағдайлар жасауда.
«Ақ жол» о бастан жасампаз партия ретінде белгілі. Ал бұл жасампаздық кәсіпкерлер бойында болуы заңдылық. Сонымен қатар, «Ақ жолдың» келісімпаздық, мәмілегерлік жолы да белгілі. Ол «Алаш» ізбасарларына тән қасиет. «Ақ жолдың» тағы бір қыры төзімпаздығында. Бұл да әр қазаққа бірден-бір қажет қасиет деп ойлаймын. Сол себепті мен «Ақ жол» партиясын таңдадым.
-Сіздің ойыңызша, «Ақ жол» партиясының Парламенттегі орны қандай? Міне мынау деп ауыз толтырып айтарлықтай, партияның Парламентте көтерген өзекті мәселелерін атап көрсете аласыз?
-Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясының Парламенттегі орны ерекше. «Ақ жол» - көптеген өзекті мәселелерді қозғап, бастама көтеріп жүрген бірден-бір партия. Әрине, ауыз толтырып айтарлықтай атқарылған игі істер жетерлік. Солардың ішінде, БАҚ арқылы бұқараға тарап, халық оң бағасын берген шаралардың бірсыпарысын атап өтуге әбден болады. Мысалы, «Ақ жол» партиясының бастамасы бойынша, «Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы қабылданды. Бұл Заң жобасының негізінде халықты жұмыспен қамтуда жаңа жолдар ашылды. Осы заң жобасының негізінде, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектерді жұмыспен қамту, мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерді ынталандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын (2014 жылы 10 ақпанда) – Үкіметке енгізді. «Ақ жол» әу бастан қазақстандық бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіп келе жатқан партия болғандықтан, еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдерін мемлекеттік қолдау көрсету туралы Заң жобасын қабылдауға негіз болды. Осы және өзге де Заң жобаларының қабылдану барысында біздің партиямыз белсенділік көрсетіп келеді.
- «Ақ жолдың» еліміздің руханияты мен мәдениетіне қосып жүрген үлесі де аз емес екенін көріп келеміз. Мысалы биыл ЮНЕСКО көлемінде мерейтойы аталып өтілетін Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын мемлекет деңгейінде атап өту туралы бастама көтерді...
- Біз Алаш арыстарының мұрагері ретінде қазақ тарихындағы көрнекі саяси тұлға, Алаш арысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын мемлекет деңгейінде атап өтуді Парламент қабырғасында көтердік және өтінішімізді қабылдаттық. Біз, «Ақ жол» партиясы, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты деңгейде өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия құру қажет деп санаймыз. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (Бөкейханов) және Ахмет Байтұрсынұлының (Байтұрсынов) өмірі мен қызметтеріне қатысты тергеудің архивтік материалдарын зерттеуге Сұлтан Хан Аққұлұлы Жүсіп жетекшілік ететін алаштанушы зерттеушілер тобына рұқсат беруін де сұрадық. Осы және бірқатар рухани шаралардың әр кез басы-қасынан табылатын «Ақ жол» партиясы еліміздің экономикасына ғана қызмет етпейді. Сондай-ақ, оның руханияты мен мәдениетіне, әдебиетіне шын жанашыр болып келеді. Ауыз толтырып айтарлықтай, біздің партиямыз осы жылдар ішінде көптеген ақындардың мүшәйраларына қолдау білдіріп, мәдени шараларды ұйымдастырды.
-Партия Парламент қабырғасында өткір және өзекті мәселелерді шешу үшін не істеді? Ертең сіздердің Партия Парламентке барғанда халық одан не күтеді?
-Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясы V шақырылымдағы Парламент Мәжілісіне сегіз дауыспен өтті. Біздің партия өкілдері Парламент қабырғасында аз шаралар атқарған жоқ. Олардың бірсыпырасын жоғарыда айтып өттік. Ертең 20 наурыз күні біздің эклекторатымыз бізге дауыс беретін болса, біздің партияға сенім артатын болса, біздің үміткерлер Парламентке барса, біз еліміздегі бизнесті қорғау және кәсіпкерлікке бұқаралық сипат беру, нарықтық реформалар және өнімді экономика құру, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және сот- құқықтық реформа енгізу, Қазақстан халқының рухани- мәдени саласын дамыту секілді жұмыстарды күн тәртібінде талқылайтын боламыз. Біздің сайлау алды бағдарламамыз халық назарына ұсынылды. Оның барлығын қайталап жату артық болар.
-Партияның көтеріп жүрген мәселелері сіздің күнделікте өміріңізде кездесе ме?
-Қазақстан «Ақ жол» Демократиялық Партиясының көтеріп жүрген өзекті мәселелері, ол әрбір қазақтың, әрбір Қазақстан азаматының күнделікті өмірінде кездеседі. Көтеріп жүрген мәселелер қарапайым халықтың мәселесі мен мұңы болып табылады.
-Сіз Қазақстанның келешегін қалай көресіз және ондағы «Ақ жолдың» рөлі қандай?
-«Ақ жол» Демократиялық партиясының өткен жолы қарапайым болған жоқ. Біз саяси кемелдендік және еліміз бен халқымыз үшін өз миссиямызды одан әрі алып жүруге дайынбыз. «Ақ жол» партиясының басты бағыты – ұлттық мемлекеттіліктің іргетасын бекіту, Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау. ... Біз іргелі құндылықтар ретінде Тәуелсiздiк, Демократия, Бостандық және Әдiлдiкті таңдап алдық. Біздің басты асуымыз және басты жеңістеріміз алда. Қазақстан халқының жарқын болашағы бар екеніне сенеміз, көп еңбектенеміз! Біз қәзіргі әлеуметтік, саяси және экономикалық проблемалардың сындарлы шешілуіне нақты іс- әрекетімізбен жәрдемдесуге дайынбыз. Біздің партия мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге әрдайым баса назар аударып келеді, алдағы уақытта да осылай болмақ. Осы тұрғыда партия бірқатар қадамдар жасап та жатыр. Сонымен қоса, «Ақ жол» ұлтаралық, нәсілдік және діни араздықты қоздыруға бағытталған ұлтшылдыққа, экстремизм мен лаңкестікке үзілді-кесілді қарсы. Депутаттық орынға ұсынылған біздің барлық үміткерлеріміз ұлттық даму идеясының жақтастары және өз халқының патриоттары. Біздің партия саясаткерлердің жаңа буынына арқа сүйейді. Олардың бәрі жастар және көп ұзамай олар өз потенциалын дәлелдейтін болады.
Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Нұргелді Әбдіғаниұлы