17
Наурыз

Санат жоқ 17.03.2016

Болашақ үшін бәріміз жауаптымыз



«Ақ жол» Демократиялық Партиясының атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа үміткер Азиз Қожамбетовпен сұхбат

-Азиз Есентайұлы, «Ақ Жол» Демократиялық партиясына келуіңізге  қоғамдағы қандай жағдайлар мен мәселелер себеп болды?

-«Өткен күнде белгі бар іздеушісі болса, келер күнге тәңір жар тілеушісі болса», - деген халық тәмсілі бар. Мен өз өмірімді осы бір қағидаға сүйеніп, құрдым десем артық болмас. Туып-өскен өңірім – Қызылорда.  Шаңырақтың ортаншы ұлымын. Азамат боп қалыптасуыма анам көп еңбек сіңірді. Қазір өз қолымда, немерелерін бағып жатыр. Қазақ-түрік лицейінің түлегімін. Осы күні дүниетаным шекарасын бұзып, еркін ойлау қажеттігін терең үйреткен түрік ұстаздарымды жиі еске аламын. Мектеп қабырғасында жүріп, алғаш рет  түрік әлемінің көсемі атанған Кемал Ататүрік жайлы естідім. Сол мезгілден бастап саяси-тарихи құбылыстарды зерттеуге құштарлығым оянды. Оның сыртында саяси қуғын сүргін құрбандарына айналған Алаш қайраткерлері жайлы мол деректер ашыла бастады. Бабаларымыз жайлы ақиқатқа толы үлкен еңбек жазып, ел дамуына үлес қоссам деген бала арман болды. Уақыт жүре, ер азаматтың басты қазынасы – білім деген қорытындыға келдім.
 
Сөйтіп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсіп, түрік, ағылшын тілдерін меңгеруге бет бұрдым. Негізгі маманданған салам – халықаралық қатынастар. Соңыра, Қазақ гуманитарлық заң университетінің халықаралық құқықтану факультетін тамамдадым. Шүкір, бүгінге дейін спорт, мәдениет, мұнай-газ, кәсіпкерлік салаларында адал қызмет істеп, басшылық қызметтер атқардым. Соңғы төрт-бес жылда Қазақ елінің абыройын халықаралық ұйымдарда қорғап келдім. Енді көптің үмітін арқалап, туған еліме қызмет сіңіргім келеді.

-Сіз үшін «Ақ жол» демократиялық партиясы ұстанатын, жүргізетін саясаттағы мәселелердің ішінде қай салалары маңызды болып саналады?

-Табиғатта кез-келген дүние өз бетінше оңаша дами алмайды. Әккі саясаткерлер болмаса, тәжірибесі аздау кейбір азаматтар өз қимыл - әрекетін жүйелі түрде жоспарлай білмейді. Сол себепті партияның үдесінен шығатын ой-мақсаттарды біріздендіріп, бастаған істі соңына дейін жеткізбек маңызды. Ол үшін біліктілік пен табандылық қажет. Қоғамның бүгінгі сұранысын қанағаттандыру үшін партия қалың бұқарамен тізе қосып, белсенді түрде қызмет атқару керек.
 
Көпшілікті кәсіпкерлікке бейімдеп, азаматтардың экономикалық сауатын жетілдіру ісіне де зор мән береді. Шағын және орта бизнес өкілдеріне арзан пайызбен несие беру механизімдерін жетілдіру міндеті тұр. Нарықтық реформа талаптарын жұртқа жетік түсіндіріп, өнімді экономика құру, әлеуметтік бастамалар мен ұлттың рухани-мәдени  саласын одан әрі дамыту жолдарын ұсынады. Айта кетерлік жәйт, жеке адамның құқықтары мен бостандығы, этностар мен діннің тең  құқықтылығы да біздің насихаттайтын негізгі құндылықтарымыз.        

-Жоғарыда аталған мәселелердің түйінін шешіп, жүзеге асыру жолында «Ақ Жол»  демократиялық партиясы қандай нақты шаралар жасайды деп ойлайсыз?

-Әлбетте, кез-келген маңызды істің астарында ізгі ниет жатыр. Партиямыздың атауында да үлкен ұғым бар. Қазақ атамыз: «Көппен көрген ұлы той», - деп жатады. Біз өзіміздің әрбір ісімізді халықпен  ақылдасып, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуіне серпін берер ортақ мүдде жолдарын кеңінен пысықтап, жүзеге асыра білсек, құп болар еді. Себебі, бәріміздің илеп жатқанымыз бір терінің пұшпағы!
 
«Ақ жол» партиясы жаһандық экономикалық дағдарыстан шығу жолдарын үзбей айтып келеді. Шағын және орта бизнес өкілдері үшін салықтық (қосымша құн салағын қоса алғанда) демалыс беру, кәсіпкерліктің дамуына кедергі жасаған лауазым иелерін қылмыстық жауапкершілікке тартып, жазасын қатаңдату, мемлекеттік сатып алу жүйесін, тиісті рәсімдерді барынша ашық етіп, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету амалдарын жетілдіру, ауыл шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу  пайызын - 0% , ал жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау - 6%-ға дейін төмендетілген ставкалар енгізуді қаузап отыр. Бұл тек бизнесті қорғау және кәсіпкерлікке бұқаралық сипат беру жолдары ғана. Одан бөлек, халықтың зейнетақы қорына үлкен ұқыптылықпен қарап, оның тиімділігін қамтамасыз ету жолдарын да ұсынып отыр. Жыл сайын айғай-шуға толы, елдің бас ауруына айналған бірыңғай ұлттық тестілеу проблемасының өзі бір төбе. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін тегін ету, 9 сыныптан кейінгі оқушылар үшін мемлекеттік гранттардың санын көбейту, кәсіби-техникалық оқу орындарын ынталандыру, педагогтар мен ғылыми қызметкерлердің жалақысын ұлғайту сияқты кесек-кесек бастамалар бар. Медицина саласына да оң өзгерістер енгізу көкейде тұр. Елдің басты байлығы – халық. Ал, еңбек қоғамында әрбір адал еңбек құрметке лайық екенін ұмытпағанымыз абзал.
 
Жалпы партия тарапынан: тұрғын үй құрылысы, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, биліктің қоғам алдында ашық есеп беруі, тың рухани-мәдени бастамалар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету, сот құқықтық реформасына назар аудару және халық қауіпсіздігі сияқты дүниелерге баса мән берілмек.   

- Азиз Есентайұлы, өзіңіздің күнделікті партиялық міндеттемелеріңізді атқару барысында осы  аталған мәселелерді  шешумен айналысасыз ба? Ол үшін қандай прициптерді алдыңызға мақсат етіп қоясыз?

-Көркем жазушы Ғабиден Мұстафиннің: «Адалдығым жеткенше  әділ болуға тырысамын», - деген әдімі сөзі бар. Мен үшін ең алдымен, көпшілікке әлі де айтары мол, «Ақ Жол» партиясының парламентке енуі маңызды. Әріптестерімнің бәрі аянбай қызмет етері анық. Партиямыздың басшысы арық сөйлеп, ірі шығатын іскер азамат. Құрылтай кезінде Азат Тұрлыбекұлы: «Біз үшін Мәжілістегі бүгінгі орнымызды сақтап қалсақ, соның өзі жетістік болар еді. Ал, одан да көп орынға ие бола қалсақ, ондай нәтижені зор қуанышпен қабылдаймыз», - деген еді. Осы жерде бір аңызды мысалға келтіргім келіп отыр. Қайбір заманда Әзіреті Ибраһим пайғамбарды қатыгез Нимрод отқа тастайды. Барлық аңдар оттың жалынынан үркіп, қаша жөнеледі. Сонда бір құмырсқа қолына бір тамшы су алып, Ибраһим пайғамбарды құтқарам деп отқа қарай беттепті. Мұны көрген екінші құмырсқа: «Ей, ақымақ қайда барасың? Мына сенің бір тамшы суың анау алып отты сөндірмейді ғой», - депті. Сонда оттан қашпаған құмырсқа тұрып: «Бұл тамшы судың отты сөндірмесін білемін. Бірақ, мен кімге болысып, жақтасқаным белгілі болады ғой», - деген екен.
 
Менің де бар тілегім, сын сағатта сөзіне адал, ісіне берік, ойы жүйрік азаматтармен бірге болу. Мүмкін болса, парламентке бірнеше партия өкілдерінің сайланғаны жөн болар еді. Осылайша саяси плюрализмге қол жеткізе аламыз. Тиісті дауыс жинап, партия мүшелері мені депутат болуға лайық деп шешсе, фракциямыздың және партиямыздың жұмысына білек сыбана қосыламын. Өткен шақырылымда парламенттің ең жас депутаты мен парламенттегі орташа жасы ең жас фракция – «Ақ Жол» фракциясы болды.

- Сіз «Ақ Жол» партиясының атынан іріктелген Мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде, азамат ретінде  Қазақстанның болашағын қандай деңгейде көресіз?

-Менің пайымымша, алдымен, бүгінгі ауыл, қала жастарының сапалы білім алуына жол ашу қажет. Біздің қоғам басты инвестияцияның көзі адам екенін жете түсінсе екен деймін. Әлемдегі геосаяси қақтығыстардан еліміздің аман болғанын қалар едім. Заманымыз әрқашан бейбіт, халқымыз тату болар деп үміттенемін. Қоғам адал еңбекке бет бұру тиіс.
 
Сәті түскенде ел-жұртты сайлауға шақырғым келеді. Көңілі жақын, үміт артқан партияға дауыс беріңіздер! Аманатқа қиянат жүрмеуі тиіс. Наурыз мейрамы қарсаңында оқырмандарға ақ жол тілеймін!      

-Уақыт бөліп, сауалдарымызға жан-жақты жауап бергеніңіз үшін көп рақмет! Қазақстан халқының болашағы жолында атқаратын жұмыстарыңыз жемісті де жеңісті болсын!

Сұхбатты жүргізген - Жаңабек Тойбазаров
Дерек көзі - kazakhstanzaman.kz