17
Наурыз

Санат жоқ 17.03.2016

Әкелер аманатына адалмыз



«Ақ жол» демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан Облыстық Филиалының Төрағасы Анарбек Оңғарұлымен сұхбат

- Анарбек Оңғарұлы, «Ақ жол» Демократиялық партиясына келуіңізге қоғамдағы қандай жағдайлар себеп болды?

-
«Ақ жол» партиясы - бүгінгі тәуелсіз елдігімізді аңсаған, соған жетудің жолдарын бір ғасырдай бұрын сезініп, бағытын белгілеген және ауызбірлікке, тұтастыққа елді шакырған, осы армандарының жолында құрбан болған қоғам  қайраткерлері: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты ұлы тұлғалар бастаған ізгі жолды жалғастырып отырған партия.  Ғасырлар бойы қазақ елі үшін жан алып, жан беріскен ата-бабаларымыздың, әкелеріміздің аманатын адал жалғастырып келе жатқан партия менің көңіліме жақын.
 
Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Парламенттік фракциялық партия болып бірден қалыптасқан жоқ. Партияның соңғы ұстанған бағыты халықтың көңілінен шығып отыр. Елбасы кәсіпкерлікті қолдау, дамытуды мемлекет саясатының басым бағыты деп белгілеп берді. «Ақ жол» да кәсіпкерлікті қолдау жолында қомақты үлес қосып келе жатыр. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлікті дамытуға өз үлесімді қосу мақсатында осы партияға келдім.
 
 - Сіз үшін «Ақ жол» Демократиялық партиясы ұстанатын, жүргізетін саясаттағы мәселелердің ішінде қай салалары маңызды болып саналады?

- «Ақ жол» партиясының негізгі құндылықтары – либерализм, демократия, жеке адамның құқықтары мен бостандығы, этностар мен діннің тең құқықтылығы болып қала береді.
 
Партияның Саяси Бағдарламасында қамтылған салалардың барлығы маңызды, себебі Бағдарлама  көпшіліктің құлағына жағымды жаттанды ұрандармен жазылған жоқ. Ондағы әрбір бағыт тарих сабағын зерделей отырып, өмірлік тәжірибеден алынған, әлемдік қоғамның әлеуметтік жағдайын, елдің саяси жағдайын талқылап, саралау барысында жазылған ғылыми жұмыс деп атар едім.  Сондықтан да партия ұстанымында маңызы жоқ сала бар деп айта алмаймын.  
 
«Ақ жол» партиясы кәсіпкерлерді қолдау партиясы болып халыққа танылды, партияның басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлікті дамыту. Сайлауалды Бағдарламасында «Бизнесті қорғау және кәсіпкерлікке бұқаралық сипат беру» - бірінші бағыт болып көрсетілген. Неліктен?
 
Біз өзге елдер сияқты экономикамыз дамып, шетелдерге экспорт шығарып, өзімізді өзіміз отандық өндіріспен қамтамасыз етіп отырған ел емеспіз. Импортқа тәуелдіміз, негізгі тұтыну тауарларымыз (оргтехника, киім т.б.) шет елдерден әкелінеді. Өзімізде жиналатын автокөліктердің бөлшектері, немесе дәрі-дәрмек, ет өнімдерін шығаруға қажетті  заттар шет елдерден алынады. Біздің өзіміздің өнеркәсіп орындарының 100 пайыз жұмысының кемінде 70 пайызы шет елдік шикізаттармен  қамтамасыз етіледі. Дамыған елдердегі тәжірибе бойынша, мемлекеттік ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын шағын және орта бизнес өкілдері құрауға тиіс. Ал, бізде ол көрсеткіш – 20 пайыздың төңірегінде. Мұның әсері аз емес. Халыққа қажетті тауарлар өзімізде өндірілмей, қазіргідей импортқа тәуелді болып отырған жағдайда, елдің әл-ауқатын жақсарту мүммкін емес. Сондықтан «Ақ жол» партиясы өз Бағдарламасында бірінші кезекке отандық бизнесті қолдау, дамытуды қойып, оның шешімін табар жолдарды көрсетіп отыр.
 
Сол сияқты, тағы бір маңызды сала - жастардың мәселесі. Елдің ертеңі солардың қолында, жастарға қолдау көрсету керек. Білімді, өткір көзқарастағы патриот жастарды тәрбиелеудің жолдарын қарастыруды тоқтатпау керек. Менің ойымша, жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында үнемі тығыз байланыс болуы керек. Жұмыс берушіге қандай маман және қанша керектігін анықтау керек, оқу орны сол кәсіп маманын оқытып шығаруды жоспарлау керек. Сұранысқа ие болмаған мамандарды дайындаудың қажеті не? Мысалы, заңгер, экономист мамандықтары тым көп болып жатса, керісінше мықты агрономдар, құрылысшылар, малдәрігерлері жетіспейді. Міне жастардың жағдайын ойлағанда осы мәселеге де көңіл бөлінуі қажет, сонда дипломын алып, жұмыс таппай жүрген жұмыссыз жастардың саны азаяр еді.
 
Бағдарламадағы бір бағыт – агроөнеркәсіптік кешен. Ауыл шаруашылығындағы берекесіздік - ащы шындық. Шаруа өз жеріне не егу керектігін, және оны қалай баптау керек екендігін біле бермейді. Жоспарсыз егілген егін сұраныс болмаған жағдайда босқа қамбаларда қалып, шіріп жатады, шаруа орасан шығынға ұшырайды. Немесе қажеттілік туындап жатқан, бірақ өзіне беймәлім дақылды егеді де, оны қалай баптап, өсіруді білмей басы қатып жатады. Меніңше, білікті мамандар – зоотехник, мал дәрігері, агрономдар шаруалармен етене байланысып, бірлесе еңбек етсе, көптеген қиындықтардан шығар еді. Ауыл шаруашылығы туралы ақпараттардың да көбі шындыққа жанаспай жатады. 
 
Тағы бір маңызды сала – сыбайлас жемқорлықпен күресу. Барлық уақытта да – экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайдың нашарлауына әкеп соғатын қатерлі дерт бұл. Сондықтан ақжолдықтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында көптеген тың бастамалар көтеріп келеді.
 
Мұнан басқа да: шет елге кеткен қаржыларды қайтару, шет ел банктеріндегі Қазақстан азаматтарының қаржыларын жариялау, Үкімет жұмысындағы ашықтық, білім мен денсаулық саласын дамыту, қарапайым халыққа жақындату тағы басқа маңызды салалар партия Бағдарламасында қамтылған.
 
 - Жоғарыда аталған мәселелердің түйінін шешіп, жүзеге асыру жолында «Ақ жол» Демократиялық партиясы қандай нақты шаралар жасайды?

 
- Бағдарламада әрине нақты шаралар көрсетілген, алайда оның бәрін тәптіштеп айту көп уақыт алады. Мен бірнешеуіне ғана тоқталып өтейін:
 
Бизнес саласында – шағын және орта бизнеске жатқызу шегін нақтылау (жылдық жиынтық кіріске қатысты); салықтық есептіліктегі айыппұлдарды жою, салықтық тексеруларді бес жылдан үш жылға дейін қысқарту, мемлекеттік сектордың экономикаға араласуын азайту сияқты тағы да басқа шаралар, білім саласында -  ҰБТ-дің орнына оқуға түсу емтихандарын мектеп бітіруші өзінің қалауы бойынша таңдау құқығын енгізу, жұмыспен қамту саласында -  «қоғамда табысты әділ бөлу», «кез келген адал еңбек құрметке лайық» қағидаттарын ұстану сияқты,  қорыта айтқанда  - халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетін, елдің экономикасын дамытуға нақты жағдай туғызатын, кәсіпкерлердің тиянақты жұмыс атқаруына мүмкіндік беретін нақты шаралар бар.
 
- Анарбек Оңғарұлы, өзіңіздің күнделікті партиялық міндеттемелеріңізді атқару барысында осы аталған мәселелерді шешумен айналысасыз ба? Ол үшін қандай принциптерді алдыңызға мақсат етіп қоясыз?

- Өз мүмкіндігімнің шеңберінде нақты араласамын, атсалысамын. Қазіргі таңда 1000 адамды жұмыспен қамтып, олардың ішінде әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашар отбасыларын тегін немесе төмен бағада азық-түлік, тұрмысқа қажетті тауарлармен қамтамасыз ету, көп балалы отбасының мектеп жасындағы балаларын киім, оқулықпен қамтамасыз етумен қатар облыстағы жетім балалар, мүгедек балалар үйлеріне, қарттар үйлеріне қайырымдылық акцияларын өткізіп отыруға тырысамын.
 
Басты ұстанымым – адалдық, әділдік, халыққа қызмет ету. Қарапайым жұрттың мұң-мұқтажын тыңдап, қолдан келгенше көмектесу, көмектесіп қана қоймай, сондай жағдайға келтірген себептерді саралап, келешекте орын алуына қолымнан келгенше заңды түрде тосқауыл қою әрекеттерін жасау.  
 
- Сіз  биылғы сайлауда «Ақ жол» партиясының атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде, қарапайым азамат ретінде Қазақстанның болашағын қандай деңгейде көресіз?

-
Бұл жөнінде Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасында елдің дамуын айқындап берген, сол Бағдарламадағы межелерді абыроймен іске асырсақ, Қазақстанның болашағы жарқын, салауатты, зайырлы, бақуатты ел болатынына сенемін. Ұлт көшбасшыларының бірі, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Бүгінгі қоғам кешегі күннің бауырынан туады» деген екен. Демек ертеңгі зайырлы қоғамның басты қалаушылары бүгінгі ұрпақ – Сіз бен бізбіз.  Болашақты біреу жасап бермейді, ол өз қолымызда, әрбір Қазақстан азаматының қолында.
 
– Уақыт бөліп, сауалдарымызға жан-жақты жауап бергеніңіз үшін көп рахмет! Қазақстан халқының болашағы жолында атқаратын жұмыстарыңыз жемісті де жеңісті болсын!

– Сіздерге де үлкен рахмет! Еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін, қаламдарыңыз қарымды болсын!
 
Сұхбатты дайындаған - Жаңабек Шүкірханұлы
Дерек көзі - kazakhstanzaman.kz