Отандық дилерлер автонесиелеу жүйесіне өзгеріс енгізуді талап етуде
Отандық автодилерлер несиелеу жүйесіне өзгеріс енгізу қажет деп есептейді. Мұндай ұсынысты Өскемендегі «Азия Авто Қазақстан» зауытының басшылығы жасады. Бұған елімізде құрастырылатын көліктерге сұраныстың күрт кеміп кетуі себеп болған. Статистика комитетінің дерегінше, жеңіл автомобиль өндірісі 2015 жылмен салыстырғанда 92 пайызға түскен. Ал жүк көлігі 14 пайызға кеміді.
Қазақстан автобизнес қауымдастығы дерегіне сай 2016 жылдың алғашқы тоқсанында небәрі 6 991 көлік сатылған. Бұл 2015 жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 59 пайызға төмен. Ол кезде 17 043 көлік өз иесін тапқан екен.
Ержан Мәндиев, «Азия Авто Қазақстан» АҚ бас директоры:
Сұраныстың азаюына орай, біз Қазақстан даму банкінен несиелеу бағдарламасына өзгеріс енгізуді сұрадық. Көлікке салынар салықтар қайта қаралса дейміз. Себебі көліктің шығарылғанына 1-2 ай болса да, ол жыл соңында жасалғандықтан, 1 жыл деп есептеледі. Үкімет мәселенің тиімді шешімін тапса дейміз.
Көлік өндірісіне өзгеріс қажеттігін өткен аптада мәжілісмен Азат Перуашев та айтқан еді. Ол Инвестиция және даму министріне жаңа көліктерді тіркеу мерзімін 2 жылға дейін ұзарту бойынша депутаттық сауал жолдаған. 'Ақ жол' фракциясы жетекшісінің бастамасына дилерлер де қосылып отыр. Қазақстанда көлік құрастыратын 3 ірі зауыт бар.
Машиналардың қоймада тұрып қалуына сарапшылар түрлі факторды атайды. Екінші деңгейлі банктер автонесие шарттарын қатайтып жіберген, салық жүйесіне енген өзгерістер тағы бар. 1 қаңтардан бастап 1 жыл бұрын шыққан көлікті мемлекеттік тіркеуге қою құны 50 айлық есепті көрсеткішке теңелген. Ал жүк көліктері үшін бұл 200-ге дейін барады.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясы жетекшісі:
Қазақстан автобизнес қауымдастығы дерегінше, қоймаларда 4,5 мыңға жуық көлік қаңтарылып тұр. 2015 жылдың соңында құрастырылған коммерциялық техника. Сомасы 27 млрд теңге болады. Егер жеңіл көлікті қоссақ, бұл қаржы 2 есеге жоғары. Сәйкесінше бюджетке де ақша түспей отыр.