27
Мамыр

«Ақ жол»: Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған Жалпыұлттық Байқаудың қорытындыларын шығарды

«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі, 27 мамыр 2016 жыл



2016 жылдың 27 мамырында Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының  Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған биылғы «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының қорытындыларын шығаруға арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Оған белгілі алаштанушы ғалымдар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Ақ жол» партиясының белсенділері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, шығармашылық интеллигенция, БАҚ өкілдері қатысты.



Конференцияны құттықтау сөзбен«Ақ жол» партиясының төрағасы, «Ақ жол» партиясының Парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ашты. «Ақ жол» партиясының жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін«ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» ЖалпыұлттықБайқауы биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Байқаудың қатысушыларының саны жыл сайын артып және оған шет елдердегі қандастарымыз да қатысып, байқаудың географиясы да кеңейе түсуде. Мұның өзі, бастауында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тұрған Алаш идеяларының, құндылықтарының, ұстанымдарының біздің заманымызға да қажеттігін және оның көпшілікке, әсіресе жастар арасына таралып жатқанын көрсетті. «Ақ жолдың» байқауы ғылыми ізденістерге жол ашып, көптеген жас ғалымдарды ғылыми ортаға шығаруда. Міне, бүгін де «Ақ жолдың» байқауы арқылы көпке танылар жас зерттеушілердің есімдері анықталғалы тұр. Ғылыми қабілеті мен ойлау деңгейі, пайым-парасаты жоғары, Алаш мұрасына адал жастардың көбеюі – отандық ғылымның өсуінің кепілі. Бүгінде Алаштанушы ғалымдардың алды сексенде, соңы қырықтың қырқасына шықты. Біз, сондай ғалымдардың орнын толықтырар жас зерттеушілердің ғылымға келуіне аз болса да жағдай жасап, ғылымға деген сүйіспеншілігін арттырып, алдыңғы буын Алаштанушы ғалымдармен рухани байланысқа түсіп, емін-еркін араласуына себепкер болып жатырмыз, мұның өзі біздің байқауымыздың нәтижелілігін көрсетіп отыр. Алдағы уақыттарда, «Ақ жол» арқылы танылған «лауреат» жас ғалымдардың үлкен шоғыры қалыптасып, жеке бір ғылыми мектепке айналуы да мүмкін. Оған біздің партия, қазір осында отырған және басқа да елімізге белгілі Алаштанушы ғалымдармен бірлесе отырып, барынша жәрдемдесетін болады»,- деді өз сөзінде Азат Перуашев. Сондай-ақ ол ақтық сайысқа шыққан үміткерлерге байқауда да, өмірде де сәттіліктер тіледі.
Байқауды «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы Сәбит Байдалы жүргізді. Құрамына: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Дихан Қамзабекұлы; осы университеттің 'Алаш' мәдениет және рухани даму институтының директоры, елімізге белгілі Әлихантанушы ғалым, PhD Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіп; ЕҰУ-нің «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, тарихшылардың Ұлттық Конгресінің ғалым-хатшысы, т.ғ.д., профессор Зиябек Қабылдинов; ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ; Халықаралық Түркі академиясының ғалым-хатшысы, ф.ғ.д. Амантай Шәріп кірген Қазылар алқасы төрт номинация бойынша өткен Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтады.



Нәтижесінде 1-ші: «Әлихан Бөкейханның мемлекет құрылысына және демократиялық құндылықтарға көзқарастары, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша «Ә. Бөкейхан еңбектеріндегі мемлекет құрудың негізгі жолдары» тақырыбында баяндама жасаған Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің оқытушысы Гүлмира Уәлиева; 2-ші: «Әлихан Бөкейханның экономикалық көзқарастары және олардың қазіргі Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша«Ә.Бөкейхан және экономикалық тәуелсіздік» атты тақырыппен баяндама жасаған Астанадағы «Қазақстан тарихы» порталының редакторы Заңғар Кәрімхан; 3-ші:  «Әлихан Бөкейхан жұмыстарындағы Қазақстандық қоғамның әлеуметтік, рухани-мәдени жаңғыруы, Еуропалық жолмен дамуы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша«Әлихан Бөкейханның «Қазақ» газетінде 1913 жылы жарияланған мақалаларына текстологиялық талдау» жасаған Алматы қаласындағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов  музей кешенінің ғылыми қызметкері Шынар Жеңісқызы және 4-ші: «Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер» номинациясы бойынша«Ақаңның белгісіз бір еңбегі» тақырыбымен өз жұмысын қорғаған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Лингвистика мамандығының 1-курс докторанты Ермұхамет Маралбек «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауының жеңімпаздары атанып, 300 мың теңгеден сыйақымен және «Ақ жол» партиясының дипломдарымен марапатталды.
Сондай-ақ тиісті номинациялар бойынша екінші және үшінші орындарды иемденген алматылықтар: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 3-ші курс студенті Нұрболат Нышанбаев,«Жастар үні», «Болашақ» басылымдарының журналисі Асхат Қасенғалиев,  Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 1-ші курс магистранттары:Наргиза Айсаева,Ардақ Беркімбаев, Абай атындағы мемлекеттік Опера және балет театрының қызметкері Орынгүл Нұржанқызы, астаналықтар:Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы, т.ғ.к.Сұлушаш Құрманова, осы университеттің докторантыҰшқын Сейдірахманұлы, «Қазақстан тарихы» порталының журналисі Алтынбек Құмырзақұлы, сондай-ақ Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің  2-ші курс магистранты Назерке Әбікеева, Семей қалалық орталық кітапхана жүйесінің кітапханашысы Аяулым Шаймардановалар өздеріне тиісті 200 мың және 100 мың көлеміндегі сыйақылар мен дипломдармен марапатталды.
Тұтастай алғанда, Байқауға қатысқан 14 үміткердің барлығының дерлік Әлихан Бөкейханның идеялары мен ұстанымдарының өміршеңдігін, оның бүгінгі таңда да өзектілігін дәлелдеп, негіздеуге тырысқан ғылыми ізденістері тыңдаушылардың көңілінен шықты. Олардың Алаш қозғалысының, оның көшбасшысының өмірі мен қызметіне деген қызығушылықтарын арттырып, танымдық көзқарастарының көкжиегін кеңейтіп, қалыптастыратындай деңгейде тағылымды болғанын айту лазым. Ал бізді осындай үлкен додада, шаршы топта ел алдында іркілмей сөз бастап, ғылыммен айналысып, оны ел игілігіне, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары арман еткен Тәуелсіздігіміздің өрістеп көктеуіне, нығайтуға жаратуға ниеттенген жастардың қаулап өсіп келе жатқаны қуантты.

Фотогалерея