16
Сәуір

Санат жоқ 16.04.2014

«Ақ жол» партиясы қатардағы еңбекшілерге көп жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» - «Ветеран труда» атағын қайта қалпына келтіруді ұсынады

16 сәуір 2014 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
«Ақ жол» партиясы қатардағы еңбекшілерге көп жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» - «Ветеран труда» атағын қайта қалпына кетіруді ұсынады - бүгін Светлана Қадралиева Мәжілістің пленарлық отырысы барысында Премьер-министр Қ.Мәсімовтың атына жолданған фракцияның тиісті депутаттық сауалын жария етті. (Төменде сауалдың толық мәтіні беріледі).
Президент Н.Назарбаев «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында нақты өнімді еңбекті әлеуметтік жаңғырту саясатының негізі ретінде қоюды тапсырды.
Осыған байланысты адам еңбегін ынталандырудың рөлі мен маңызы артады.
Тұрғындардың ең аз қорғалатын санаты – бұл зейнеткерлер екені белгілі, олардың ішінде көбі 40, 50 және одан да көп жылдар халық шаруашылығында жұмыс істегендер.
Осындай еңбек ардагерлерінің алдында біздің барлығымыз ешуақытта өтелмес қарыздармыз, олар қазіргі Қазақстанның әлеуетін құру үшін аз жұмыс атқарған  жоқ және біз көптеген жылдарғы еңбектерінің жемісін қазір пайдаланып отырмыз. Бүгін біз Астананың әрбір жарқыраған зәулім ғимараттарында, Қазақстанның қазіргі жетістіктерінің әрқайсысындағы секілді біздің ардагерлеріміз қалаған кірпіш бар деп айтуға толық құқығымыз бар.
Бірақ, өте өкініштісі, осы адамдар өздерінің еңбегінің үлесіне қарай бара-бар зейнетақы және материалдық сыйақыны әрдайым алып отырған жоқ.
Мәжілістің депутаттарымен бастамашылық жасалған, аға буын өкілдерінің көптеген мәселелерін шешуге болатын Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заң жобасы осы уақытқа дейін қабылданған жоқ. Бұл заң жобасы бюджет үшін шығынды, біздің пайымдауымызша, дәл сол себепті де өкілетті мемлекеттік органдармен қолдау таппай отыр.
Алайда,  жалғасып жатқан әлемдік дағдарыс кезеңінде бюджеттің шектеулі мүмкіндіктерін ескергеннің өзінде, аға буын өкілдеріне олардың кейде тіпті ауыр жағдайларда жүріп өткен өмір жолдарына қарапайым құрмет көрсетуден бас тартуға құқығымыз жоқ.
Сайлаушылармен кездесулерде зейнеткерлерден материалдық проблемаларды шешуді ғана емес, еліміздің алдында олардың сіңірген еңбегін мемлекетпен тану туралы өтініштерін де жиі естиміз. Өйткені қазақстандықтардың көпшілігі – атақты министрлер немесе зауыт директорлары емес, елене бермейтін қарапайым еңбекшілер, бұдан олардың еңбегінің қоғам үшін маңызы немесе құны түсіп қалмайды.
Немерелерімен араласқанда, бөтен адамдармен кездескенде, тіпті кездейсоқ әңгімелескен адамның өзі олардың ерен еңбектері туралы, өмірінің бос сенделіспен өтпегенін, ал адамдар үшін керек істерге толы екенін білетініне олар сенімді болуы тиіс.
Бұрында еңбекшілер ұзақ жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталғаны белгілі. Онда 40 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге «Еңбек ардагері» медалі және атағы берілетін. Бұл көтермелеу бірқатар ТМД елдерінде, Ресейді қоса алғанда  бұрынғысынша қолданылады, бірақ біздің елімізде 1995 жылдан бастап «Еңбек ардагері» медалі берілмейтін болды.
Алайда өмірдің өзі, әсіресе Жалпыға ортақ еңбек қоғамына әлеуметтік жаңғырту бағдарламасының, үдемелі индустрияландыру және т.б. бағдарламалардың аясында осы награданың қажеттілігін дәлелдеп отыр.
 «Еңбек ардагері» мемлекеттік медалін алып тастағаннан кейін, көптеген кәсіпорындар еңбегі сіңген қызметкерлеріне өздерінің жеке ведомстволық наградаларын тағайындауға мәжбүр болғаны мәселенің өзектілігін көрсетеді. Бұл дұрыс та, себебі марапатталушының ерен еңбегін танудан басқа, мұндай награда жас буын үшін оны белсенді еңбекке бағыттай отырып, маңызды тәрбиелік  рөл де атқарады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанда Еңбек күні сияқты мереке де тағайындалды.
Жоғарыда баяндалғандарға байланысты, «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы Сізден, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, экономиканың мемлекеттік, жеке немесе қоғамдық секторларында және әлеуметтік салаларында 40 және одан да көп жылдар адал қызмет істеген азаматтар үшін тиісті Қазақстан Республикасының Еңбек ардагері атағын тағайындау; төске тағатын белгіні (медаль)  тапсыру  туралы мәселені қарауды сұрайды.
Бұл қадам қоғамда еліміздің қатардағы еңбекшілеріне, қарапайым жұмысшы мамандығын атқаратын адамдарға құрметін қайтаруда маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз.
«Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясы сайлауалды тұғырнамасын іске асыру бойынша жұмыстарын жалғастыра береді.