Депутаттар аймақтарға аттанды
Мәжіліс депутаттары сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге аттанды. Қазақстан халқы Ассамблеясының және барлық үш парламенттік партиялардың мәжілісмендерінің кездесулері, облыс, аудан орталықтарында ғана емес, сонымен қатар шағын қалаларда, кенттерде және шалғай ауылдарда да өтеді.
Сапар барысында халық қалаулылары еңбек ұжымдарында, өнеркәсіптік және әлеуметтік сала объектілерінде жұртшылықпен кездеседі, сондай-ақ азаматтарды қабылдау жоспарланады, деп хабарлады ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының баспасөз қызметі.
Депутаттар, ең алдымен, Парламенттің алтыншы шақырылымының бірінші сессиясында өзінің заң шығару қызметі туралы есеп береді. Парламентшілер 'Мәңгілік Ел' Патриоттық актісінің '100 нақты қадам' ұлттық жоспарының іске асырылу барысы туралы айтады.
Сондай-ақ, депутаттар 2015-2019 жылдарға арналған 'Нұрлы жол' мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілердің жағдайларын зерттеуге ниетті.
Мәжіліс депутаттары 'Нұр Отан' партиясы, 'Ақ жол' ҚДП, ҚКХП парламенттік фракцияларын, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясын атынан тұрғындармен кездесулер өткізді.
Алғашқы кездесулер бүгін, 1 шілдеде Атырау және Қызылорда облыстарында басталып та кетті.
Тұтастай алғанда, сапарлар кестесі Мәжіліс депутаттарының тұрғындармен кездесуін ағымдағы жылдың 1 шілдесінен қоса алғанда 26 тамызына дейін болатынын көздеп жасалған.