Жергілікті жердің шешілмеген мәселесі көп
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі, 2016 жылдың 12 тамызы
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің хатшысы Меруерт Қазбекованың қатысуымен Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлер қауымымен кездесу өтті. Алдымен Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Еркебұлан Баяхметов облыста бизнес саласын дамытудың келелі мәселелері жөнінде тұсаукесер шара мағұлматтарын ұсынды. Арнайы экран арқылы слайдтар көрсетіліп, кәсіпкерлікті өркендету бағытында атқарылған жұмыстар сараланды. Онда кәсіпкерлер құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді алып тастау мәселесі де кеңінен сөз болды.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова заң шығарушы органдағы «Ақ жол» фракциясының жұмысы жайлы айтып берді. Бизнес өкілдерінің мүддесін қорғайтын партиямен жаңа заң қабылдау кезінде басты назар аударылатын мәселелер де тілге тиек етілді.
Халық қалаулысы өзінің Ақмола облысындағы жұмыс сапары кезінде бірқатар кездесулер өткізіп, жергілікті жердің толғақты мәселелеріне назар аударатынын атап көрсетті. Көкше жері ең алдымен туризмнің ошағы екенін айта отыра, осы өңірде бұл саланы қарышты дамытудың жайына назар аударды.Әсіресе, ішкі туризмді дамытудың әлі күнге жан-жақты қолға алынбай жатқанына алаңдаушылық білдірді. Демалуға келушілерге тарихи жердің бірегей орындарын көрсету де кемшін түсіп жатыр. Шипажайларға басқаны былай қойып, қазақ жерінің түпкір-түпкірінен туристер келуде. Бірақ, оларға қарапайым тарихи орындарды көрсетіп, аралату өз шешімін толық таппағаны еш жасырын емес. Меруерт Қазбекова жергілікті кәсіпкерлер осы жайға көбірек назар салуы керектігін айтып, өзінің ой-толғамдарымен де бөлісті. Осылай жергілікті кәсіпкерлермен емен-жарқын еркін пікір алмасты.
«Шанс-Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Василий Шиманский халық қалаулысының пікірін жандандырып, Бурабай курортты аймағын былай қойып, Зеренді, Сандықтау және тағы басқа табиғаты сұлу жерлерге барып-келу оңай еместігін айтты. Әсіресе, мүгедек жандарға өте қиын. Көлік тасымалы қызметі де талапқа сай емес. Жаз-күзгі маусымдарда қарапайым пойыздарға билет табу адамдарды көп әуре-сарсаңға салады.
Ал, біздің жергілікті бизнес өкілдері де Ресеймен бәсекелестікке түсе алмай, теперіш көруде. Еуроазиялық одақ іске қосылғалы жергілікті өнімдерді өткізуде көп кедергілер аяқты орайтынын айтқан жөн. Бірақ, бұл бүгінгі нарықтың талабы.
Кәсіпкерлер Көкшетау қаласында қаншама миллион теңге қаражат жұмсап, қайта жарақтанған әуежай ешқандай мәртебесі болмағандықтан жұмыс істемей тұрғаны да ауызға алынды. Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының басшысы Еркебұлан Баяхметов кәсіпкерлік саланы дамытуда кедергі болатын кейбір түйткіл мәселелерді ортаға салды. Мәселен, осы мекеме басшысының орынбасары Валентина Геращенконың айтуынша, Бурабай курортты аймағында орталықтандырылған сумен қамту жүйесі болмағандықтан кәсіпкерлік нысандар жер асты суын пайдалануға мәжбүр. Бірақ, салық заңына орай жер асты суын пайдаланғаны үшін миллиондаған теңге салық төлеуге тура келеді. Бір жағынан бұл бизнес нысандары суды саудалаумен айналысатын кәсіпорындар емес. Сондықтан Бурабай курортты аймағында бизнестің дамымай жатқаны да осындай мәселенің көптігінен болса керек.
Бұған электр, жылу қуаттары үшін тарифтердің де шектен тыс шарықтап бара жатқанын қосыңыз. Жалпы, курортты аймақтың шешілмеген мәселесі өте көп. Халық қалаулысы бұл мәслелерді заң шығарушы орган арқылы шешу керектігін айтты. Алдағы уақытты Парламентте қабылданған заңдарға саралау жұмыстары жасалады. Сол кезде жергілікті жердегі түйіні көп мәселелер жөнінде «Ақ жолдың» депутаттық фракциясы жан-жақты жұмыс жүргізетінін атап көрсетті.
Бақыт Смағұл