17
Тамыз

Плетневтің үміті үзілген жоқ

«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі, 2016 жыл. 17 тамыз.



Өмірде тағдырдың наласына мойымаған адамдар өте көп. Соның бірі, көкшелік кәсіпкер Владимир Плетнев болып табылады. Екі аяғынан мүгедек болса да, жеке кәсібін ашып, оны өрге бастырудың қам-қаракетінде жүр.
Жақында оның жеке кәсіп ошағына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Көкшетауға жұмыс сапары кезінде арнайы ат басын бұрды. Көлік жөндейтін шағын цех жұмыс істеп тұр. Мүгедектер арбасына таңылған Владимир Плетневтің өзі де жұмыс басында.
Бір қарағанда, осындай мүгедек жанның өмірден түңілмей, кәсіп ашуы таңқалдырады да. Халық қалаулысының өзін іздеп келіп, жағдайымен бөліскеніне қуанып қалды. Сосын алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, пластикалық құтыларды өңдеумен айналысуды мақсат етіп отырғанын айтты. Ол үшін мемлекеттен қаржылай көмек сұрап, талай табалдырықты тоздырыпты. Әлгіндей құтыларды өңдейтін жабдық бір жарым миллион теңге тұрады екен.
Меруерт Қазбекова оған «Даму» және басқа да қаржылай қолдайтын ұйымдардан көмек жасалуына атсалысатынын жеткізді. Біз де мүгедек жанның үміті ақталып, кәсібі де өрге бассыншы деген тілекпен қайтқан едік.