Кеше Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде танымал саясаткер Азат Перуашевтың «Пікірталасты экономика» атты жинағының тұсаукесері өтті.
Қазіргі таңда «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы, парламенттік фракцияның жетекшісі болып табылатын Азат Перуашевтың қай салада болмасын өзіндік пікірі бар қалыптасқан азамат екені аян. Және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде биліктегі партиядан халықты алаңдатқан көптеген көкейтесті мәселелерді алға тартып, бірқатар проблемалардың оң шешім табуына ықпал етін жүргені тағы белгілі.
Сонымен саясаттың бел ортасында жүрген партия жетекшісі өзінің жаңа жинағында 2011-2015 жылдар аралығындағы жазбаларын, бұқаралық ақпарат құралдарына берген мақалалары мен сұхбаттарын топтастырған.
Ұлттық университетте өткен кітап тұсаукесерінде философия және саясаттану, экономика, тарих, заң факульттеттерінің студенттері саясаткердің жаңа жинағына қатты қызығушылық танытты.
Алдымен тұсаукесерде саясатта өз пікірін соңына дейін қорғай алатын мемлекетшіл азаматтың жаңа кітабының «жастарға қандай пайдасы бар, болашақ мамандарға бағдары бар ма?» деген сауалға жауап ізделді.
Еліміздегі үш бірдей университеттің профессоры болып табылатын автордың «Пікірталасты экономика» кітабына негізінен нарықтық реформалардың жайы, жеке бизнесті дамыту мен қорғаудың жолдары өзек болған. Осы тұрғыдан алғанда тәуелсіздікті бекемдеу мен ұлттық мүдделерді алға жылжытуға да мүдделі экономика көздеген мақсатқа қандай демократиялық тетіктер арқылы қол жеткізуге болатыны жинақта жеткілікті баяндалады.
Сол сияқты саясаттағы автордың Парламент отырыстарындағы кәсіби тұрғыдағы көзқарастары мен шешендіктің үлгісіндей баяндамалары талай пікірталасқа қозғау салды. Кітаптағы өткір пікір қарама-қайшылықтары, либералдық құндылықтар қызмет ету үлгілері – мемлекеттің қалыптасуы мен заманауи Қазақстанның экономикалық үдеріс жолдарын оқып жатқан студенттер үшін де, саяси партиялардың шежіресі үшін де қызықты болғаны сөзсіз.
Сондықтан да бизнестің де жайын меңгерген, саясатты да бес саусағындай білетін авторға университет студенттері ғана емес, оқытушылары тарапынан да сұрақтар мен ұсыныстар көп болды.
Кітаптың тұсаукесерінде сөз алған адамдардың ішінде «Пікірталасты экономика» кітабын оқып, талқылауға дайын келгендер табылды.
Университеттің халықаралық факультетінің профессоры Мәлік Ауған кітапта жраияланған материалдардың қай қайсысы да өзекті дейді. Оның ойынша, жаңа жинақтың ерекшелігі Парламенттің ішкі өмірін де өрнектейді.
«Саясаттағы кіші партиялардың атқаратын рөлі, қосып жатқан үлесі аз емес десек, оның дәлелі де қолымыздағы осы жинақ» деді тарих ғылымының докторы Мәлік Әлшіоразұлы.
Кітап тұсаукесерінде университеттің тарих факультетінің профессоры Аманжол Қалыш, философия факультетінің профессоры Гүлжиһан Нұрышева өз пікірлерін ортаға салды.
Мәселен Гүлжиһан Жұмабайқызы кітапқа ғана қатысты емес, автордың адам ретіндегі де жастарға өнеге болатындай, өзі сырттай сыралғы жақсы қасиетін мысалға келтіргені жастар үшін үлгі сөз деді.
Және университеттің Экономика және бизнес жоғарғы мектебінің 1 курс докторанты Асқар Әскеровтің баяндамасы қысқа болса да қызықты болды. Кітапты өз бетінше зерттей оқыған болашақ ғалым жинақтағы материалдарды сараптай келе, автордың тұрлаулы көзқарастарына, заңнамалар қабылдаудағы көзқарастық табандылығына ризашылығын білдірді. Докторанттың ойынша, автордың кейбір материалдары келешекте дипломдық жұмыстарға да өзек бола алады.
Кездесу соңына қарай университет студенттері саясат пен экономикаға, әлеуметтік жұмыскерлердің беделін көтеруге, шағын және орта бизнесті дамытуға, жастардың мемлекеттік қызметке келуіне байланысты сан қырлы сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
«Сол сияқты неге жастар саяси партияларға мүше болуға асықпайды» сынды сұрақтар талқыланды.
Соынмен, жаңа кітаптың алдағы күндері еліміздің басқа аймақтарындағы жоғары оқу орындарының студенттері арасында тұсакесері өтіп, талқыланбақ.
egemen.kz