«Ақ жол» партиясы Мемлекет басшысының Жолдауын қолдайды. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Ақ жол» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Елбасы Жолдауында көрсетілген бастамалар партияның мақсаттарымен ұштасатынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы жақында ғана саяси реформалар туралы Үндеуін жариялағаннан кейін, оның Қазақстан халқына Жолдауын біз үлкен үмітпен, ерекше қызығушылықпен күттік. Енді, міне, үмітіміз ақталды десек болады. Себебі, «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Президент көптеген өзекті мәселелерге өз көзқарасын білдіріп, оларға байланысты тапсырмалар беріп отыр. «Ақ жол» демократиялық партиясы бизнес партиясы ретінде, әсіресе, экономика жөніндегі ұсыныстарды толық қолдайды және оларды іске асыруға өз үлесін қосуға дайын, – деп мәлімдеді А.Перуашев. – Біріншіден, «Ақ жол» демократиялық партиясы Елбасының Жолдауда айтқан барлық тапсырмаларын қолдайды, бизнес партиясы болғандықтан, бізге, әсіресе, ондағы экономика және кәсіпкерлікті қолдау саласындағы бастамалар аса маңызды көрінеді».
Ол қазіргі уақытта Қазақстанның Үшінші жаңғыруын және оның басымдықтарын жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктелгенін атап өтті. Партия төрағасының айтуынша, бірінші басымдық – экономиканың қарқынды технологиялық жаңғыруы. Оның шеңберінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы жасалған жаңа индустрияларды тарату тапсырылған.
«Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын» әзірлеуге тапсырма берілді. Инновацияларды қолдау мен оларды өндіріске жедел қосу жаңа индустрияны қалыптастыруда аса маңызды фактор болып табылады», – деп түсіндірді А.Перуашев. Оның айтуынша, екінші кешенді тапсырма – жаңа индустрияны қалыптастырумен қатар, Қазақстан экономикасының негізгі дәстүрлі салаларын дамытуға ықпал ету.
«Бұл орайда, Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруды талап етіп отыр. Оның негізгі факторы автоматтандыру мен заманауи
технологияларды барлық жерлерде енгізу болуы тиіс. Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесе отырып, 2025 жылға дейін экономиканың негізгі салаларын технологиялық қайта жарақтандыру міндеті тапсырылды», – деді депутат.
Сондай-ақ, ол «Ақ жол» партиясы бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен оны кеңейту туралы бастамаларды ерекше ықыласпен қабылдағанын жеткізді. «Біздің стратегиялық мақсаттарымыздың бірінде 2050 жылға қарай елдің жалпы ішкі өніміне бизнестің қосатын жоспарлы үлесін кемінде 50 пайызға жеткізу қарастырылған», – деді партия төрағасы.
Деректеме - 'Егемен Қазақстан' газеті