03
Ақпан

Санат жоқ 03.02.2017

Жолдауды насихаттау партияның да басты жұмысы болмақ

«Ақ жол» ҚДП-ның Ақмола облыстық филиалы, 2017 жыдың  3 ақпаны

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Ақмола облысындағы жұмыс сапарын «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының активімен кездесуден бастады. Мұның да өзіндік сыры бар. Себебі, ол осы өңірге әр келгенінде алдымен өз партияластарымен кездесіп, сыр-сұхбат құрады.

Ол ақжолдық әріптестерінің алдында сөйлеген сөзінде: «Бүгін Елбасымыздың  Жолдауын  насихаттау  үшін сіздермен пікір алмасуға  келіп  отырмын. Биылғы Жолдаудың өзіндік маңызы бар. Мұнда  жалпы экономика мен қоғам жаңғыруының жаңа кезеңіне қадам басуды ғана емес, сонымен бірге азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту аталған стратегиялық құжатта көрсетілген жаңа әлеуметтік саясаттың негізі болып табылады.

Біздің еліміз шикізатты экспорттайтын негізгі салаларға ғана емес, жаңа жоғары технологиялық, озық салаларға да негізделген экономикалық өсудің жаңа моделіне көшетін болады. Сондықтан экономикадағы серпіліс әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етері анық және Қазақстанның жаңа экономикалық,  әлеуметтік және саяси даму бағыты еліміздің азаматтарына ерекше серпін берері сөзсіз» деді.

Одан әрі жаңа Жолдаудың басымдық сипаттарына жан-жақты тоқталды. Сөз арасында Елбасының мемлекеттік билік тетіктерін бөлу жөніндегі бастамасымен де бөлісті. Бұл экономиканы ғана емес, саяси арнаны да жаңғыртуға айрықша назар аударылғанын көрсететіні атап көрсетті.

Жергілікті филиалдың актив мүшелері де ой бөлісіп, пікірлерін ортаға салды. Филиал төрағасы Серік Бейсембаев,  «Қарсақ»  серіктестігінің директоры Баржақсы Жақанов, «Арт Көкше» кәсіпорнының жетекшісі Әділбек Ғабдуллин, «Сауда пласт» компаниясының директоры, «Ақ жол» партиясынан Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Ғалымжан Көпішев және тағы басқалары тың пікірлер білдірді. Олар Елбасы Жолдауын бір ауыздан қолдайтындықтарын, өздері басқаратын кәсіпорындарды жаңа заманның талабына сай өркендетіп, ел экономикасының өрлеуіне үлес қосатындықтарын айтты.

Меруерт Қазбекова  Ақмола облысында он шақты күн іс сапарда болып, өңірлерге шығып, Елбасы Жолдауының мәні мен маңызы жайлы халықпен кездесулер өткізуді межелеп отыр.  Жолдауды халыққа жеткізу саяси партиялардың да басты міндеті болмақ.