«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі. 2017 жылдың 7 ақпаны
Сымсыз ақпарат қанша жедел дегенімізбен, ауылдың бұйығы халқы кейде көштен кейін қалып жататын кездері бар. Бірақ, Елбасы Жолдауы орталық телеарналар арқылы кеңінен таратылмай, жазбаша ұсынылса да, ауыл тұрғындары бұл құжаттан құлақдар болып бір серпіліп отырғанын байқадық. Бұл Бурабай ауданының Кенесары ауылындағы кездесу кезінде анық аңғарылды.
Бұл елді мекен кезінде күре тамыр жолдың бойында болғандықтан кәсіпкерлікті кеңінен насихаттаған ауыл саналатын. Қазір автобан жолы айналма арқылы өтсе де, ауыл әлі де ертеңінен үмітін үзген емес.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова бұл ауыл тұрғындарымен болған кездесуінде Елбасы Жолдауының маңызды қырларына кеңінен тоқталды.
Әсіресе, ауыл тұрғындарына жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға айқара жол ашылып отырғанын, оларға қаржылай қолдау жасалатыны атап көрсетті. Тіпті, берілетін несие қаржыға мемлекеттік кепілдеме жасалатыны бұрын-соңды болмаған жағымды жағдайлар. Сондықтан әркім өз ертеңін ойлауы керек. Мемлекетке алақан жаятын уақыттың өткені де белгілі.
Кенесары ауылындағы кездесу еркін пікір алмасу тұрғысында өтті. Ауыл тұрғындары ойындағысын жасырмай айта алады. Мысалы, Моңғолиядан келген қандасымыз Тыңхан Ілиясұлы өзінің тарихи Отанына келгеніне он төрт жыл өтсе де, осындай деңгейдегі халық қалаулысының алғаш рет келіп отырғанын жасырмады.
Ол ауыл халқы өз күнін өзі көру үшін оларға жағдай жасалса деген тілегін жеткізді. Мысалы, ауылдықтар мал ұстауға ынталы. Бірақ, елді мекендер жанында жайылымдық жерлер жоқтың қасы. Ел-жұрт аман, бейбіт өмірге тәубе ететінін де айта келіп, айтылған уәжін сын тұрғысында емес, тілек ретінде қабылдауды сұрады.
Тағы бір ауыл тұрғыны өзінің жергілікті элеваторда қырық жыл еңбек етіп, ауылда тұрса да, жер пайын осы күнге дейін ала алмағанын жеткізді. Енді бірі ауылда тұру оңай емес. Билік басындағылар зейнет жасын төмендетсе дегенін де халық қалаулысына айта бар деп аманат етті.
Жалпы, ауыл экономикалық дамудың арнасы екенін жасыра алмасақ керек. Бірақ, жастар жағы ауылда тұрақтамайды. Егер экономика жаңаша жаңғыртылатын болса, ауылдықтарға да серпін береді деген сөз.