«Ақ жол» ҚДП-ның баспасөз қызметі, 2017 жылдың 31 қаңтары
«Ақ жол» партиясына Қытайдан келген оралман Бақытқан Мақсұтқызының ықтияр хат алуы кезінде туындаған қиындықтарға қатысты көмек сұраған, Партия төрағасы Азат Перуашевтің атына өтініш хат келіп түсті.
Оның айтуынша, ол жанұясымен 2016 жылдың 28 қыркүйекте Қазақстанға келген, сол кезден бері ҚХР мемлекеттік органдарында сотталмағаны туралы анықтама бермейтіндіктен, ол әлі де ықтияр хат ала алмай жүргендігі туралы айтқан.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 992 бұйрығымен бекітілген Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидалары, сондай-ақ «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» мемлекеттік қызметтік стандарты тұруға ықтиярхат алу үшін азаматтық тиістілігі немесе тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген тұрақты тұратын мемлекетіндегі соттылығы (соттылығының жоқтығы) туралы құжаттың болуын талап етеді.
Алайда, проблеманың мәні, ҚХР-ында мұндай анықтамалар берілмейтіндігінен туындайды. Қытайдың заңнамалық нормаларына бойынша, егер кімде-кім бір орта және ауыр дәрежелі жазалау қылмыстық жауапкершілікке тартылса, ол шетелге шығып кетпеуі үшін төлқұжаты тартып алынады. Қытай азаматында паспорттың қолында болуы, оның қылмыстық жауапкершілікке тартылмағандығына кепілдік жасайды.
Соттылығы туралы анықтаманың жоқтығы, және сонымен қатар тұруға ықтияр хаты болмауы салдарынан оралмандардың заңды түрде жұмысқа орналасуға, әлеуметтік және медициналық қорғаудың ең төменгі жиынтығын да алуға мүмкіндіктері болмай отыр.
Осыған байланысты, Партия төрағасы Азат Перуашев ҚР Ішкі Істер Министрі Қалмұхамет Қасымовтан Бақытқан Мақсұтқызының мәселелерін тезірек шешуге жәрдемдесуін, сондай-ақ, оралмандардың ықтиярхат алу рәсімдерін жеңілдету тұрғысында нормативтік актілерге өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруын сұрайды.
«Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясы өз сайлаушыларының мүдделерін қорғау мен сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыратын болады.