22 ақпан 2017 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі. Стоматологиялық қызметтің жаңа стандарттары денсаулық сақтау саласындағы шағын бизнеске әкімшілік қысым әкеліп, қызмет бағасының көтерілуіне және оның көлеңкелі кәсіпке айналуына себепкер болады - деп Меруерт Қазбекова Мәжілістің пленарлық отырысында баяндады.
«Ақ жол» депутаттық фракциясына жеке емдеу мекемелері өздері қызмет көрсететін стоматологиялық емдеу шараларына қойылатын талаптардың күшейтілу мәселесі бойынша көп хабарласады. 2016 жылғы 12 желтоқсанда Денсаулық сақтау Министрлігінің бұйрығы бойынша «ҚР да стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты» бекітілген болатын. Сол стандартқа сәйкес енді стоматологиялық қызметті тек жоғары білімі бар стоматолог мамандар ғана атқара алады.
Қазіргі кезде, көптеген жеке стоматологиялық орталықтарда дантист және тіс дәрігері мамандықтарын орташа білім беру орындарында дәлірек айтсақ, медициналық колледжде, техникумда алған мамандар халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Олардың көпшілігі 10-25 жылдан астам еңбек өтілі бар, жоғары және бірінші категорияны иеленген тәжірибелі мамандар. Мысалы, Сіз өзіңіз де емделу үшін кешегі ЖОО бітіріп келген жас маманға барғанан гөрі, медициналық колледждің түлегі,бірақ та тәжірибелі, жоғары білікті тіс дәрігеріне жүгінуші едіңіз ғой. Өйткені ешкімде өз денсаулығын қанша жерден жоғары білімі болса да тәжірибесіз маманға сеніп тапсыра алмайды – деп Қазбекова атап өтті.
Дегенмен, аталмыш бұйрықтың салдарынан көп жылдық тәжірибесі бар, білікті тіс дәрігерлеріміз стоматологиялық қызмет көрсету құқығынан айырылып, жұмыссыздар қатарын көбейтуге мәжбүр. Адал, құрметті жұмыстарынан айырылып, жүк тасушы немесе көлік жүргізуші болып ауысуына тура келеді.
Ал, бұрын қызмет көрсеткен аймақ қызметтің бұл түрінен кенже қалмақ. Өйткені, ауылдарда тек 1-2 стоматологиялық кабинет қана болатын. «Ақ жол»-дың айтуынша енді біздің азаматтарымыз тіс емдету үшін қалаға барып бір шығындалса, мемлекеттік емдеу орталығында кезек күтіп алтын уақыттарын жоғалтып екі шығындалатын болды. Бұл әсіресе, жас балаларға қиын. Кейбір тұрғындар тіпті өз бетінше емделуге де көшіп кететін шығар – деген мәлімдеме жасалды.
Жеке стоматологиялардың тағы бір жақсы тұсы олар - әлеуметтік көмек ретінде қарт адамдарға жиі тегін қызмет етуші еді.
Депутаттар енді тіс дәрігерлері формальды жұмыс түріне көшіп, көзбояушылықпен айналысады деп есептейді. Яғни, жұмысқа жоғары білімі бар маманды қағаз жүзінде штатқа қабылдап, ал қызметті өзі атқаратын болады. Сөйтіп, тапқан табысының жартысын жалған тіс дәрігеріне және тексеруші адамдарға бөліп беруіне тура келеді.
Денсаулық сақтау саласындағы шағын бизнеске әкімшілік қысым күшейіп, қызмет көрсету бағалары көтеріліп және де осы сала көлеңкелі кәсіпке айналып кетуі ықтимал. Ведомствалық құжаттағы жалғыз бір мәтін үшін бұл тым жоғары баға емеспа? – деп Меруерт Қазбекова сауал жолдады.
Осыған орай, «Ақ жол» фракциясы денсаулық сақтау Министріне аталмыш Стандартты қайта қарастырып және ҚДП өкілдерін түзету процесіне енгізуді сұрайды.
«Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруда.
|