24
Ақпан

«Жұлынқұрт» драмалық қойылымының тұсаукесері

«Ақ жол» ҚДП-ның Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі.

         Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол» жастар қанатының әуесқой әртістерінің сомдауымен 2017 жылдың 20 ақпан күні, Қарақия ауданы, Құрық кенті Мәдениет үйінде, «Жұлынқұрт» драмалық қойылымының тұсаукесері өтті.

         Қойылымның басты мақсаты: жастар арасында нашақорлықтың алдын алып, оның зардабы және қасіреті туралы түсіндіру. 
Драмалық қойылымның авторы драматург, ұстаз Өтен Ахмет, қоюшы режиссері Әлия Исаева. 
         Тұсаукесер кешіне «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері, Қарақия ауданы, Құрық кенті әкімдігінің өкілдері, Мәдениет үйінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты.
         Есірткінің шіріген ағаштың діңіндей қылып, қоғамды іштен жеп, қаусататын жұлынқұрт екенін екінің бірі біледі. Осы кесапаттың салдарынан талай жас көктей солды. 
         Қойылым барысында көз жасын көл қылған ананың, бала күннен бірге өскен достардың аңғалдығы мен кейбір достардың зұлымдығы, Хақ жолындағы діни қызметкердің ұстамдығы, мөлдір махаббат пен өмірдің келеңсіздіктері айқын бейнеленді. Өткен ғасырдың аяғында пайда болып, талай жастың өмірін қиған есірткі атаулының зардабын қазіргі күні қоғам тартып келеді. Ананың қадірі, достың маңызы, шынайы махаббат пен кір шалмаған сезім бір арнаға тоғысқан қойылым негізі есірткіге тәуелділіктің салдарын кеңінен баяндады.Қойылым соңында Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Ержан Көпяшарұлы сөз сөйлеп, алғысын жеткізді.