17
Наурыз

Конституциялық реформа – жаңғырудың жаңа жолы

«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі, 2017 жылдың  18 наурызы

Ақмола облыстық «Қазақстан – 2050»  демократиялық күштер коалициясының  кезекті отырысы Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген реформалық өзгертулер жайында болды. Бұл шараға облыстағы барлық саяси партиялар мен өкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты.

 

Бұл басқосуға төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық коалиция төрағасы Ғалым Бекмағамбетов ел өміріндегі осынау айтулы оқиға – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік билік тетіктеріндегі өкілеттік пен экономиканы жаңғыртуды көздеген конституциялық реформалардың маңызды қырларын сөз етті. Бұл ел тарихындағы айшықты оқиға болып қалатынын атап көрсетті. Мұндай конституциялық реформалардың астарында демократиялық процестерді жаңғыртудың жаңа кезеңі бастау алғанын көреміз.

 «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы Серік Бейсембаев сөз сөйлеп, бұл реформаның мәне аса терең екенін, бұл жаңа саяси процестердің бастау алуына негіз қалайтынын  айтты. Бір жағынан жаңа реформаны талқылау кезінде ақжолдықтар көптеген ұсыныстар айтып, әсіресе, Ата заңның 26 бабына орай оны бұл талаптардың жер қатынастарына таратылмауын сұраған-ды.

Сонымен бірге, парламент пен Үкіметтің өкілеттік құзырлары кеңейіп, енді шешім қабылдауда жоғарыға жалтақтай бермей, дербес шешім қабылдауға мүмкіндік туады.

Бүгінде жастар мәселесі де толғандырады. Олар қоғамның алдыңғы қатарында болуы керек десек те,  жұмыспен қамту әлі де толық шешімін табар емес. Желдің өтінде қалған жастар мәселесі де назар аудартуды қажет етеді.

Ата заңға енгізілген 4 бапты толықтыру да өміршең екенін көреміз.Бұрын біздің ұлттық заңдарымыз халықаралық нормаларға  көбірек сәйкестендірілетін, ендігі жерде бұл керісінше болуы тиіс.

Одан әрі «Ауыл» ХДПП Ақмола облыстық филиалының төрағасы Әбілжан Хусайынов, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің кафедра меңгерушісі Ардақ Қапышев, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Ерлан Наурызбаев және тағы басқалары күн тәртібіндегі мәселелер жөніде өз ойларын ортаға салды.

Жалпы, азаттық алып, көшімізді енді бастаған күрмеулі қиындығы да көп, шиырланған жолдары да тарау-тарау бағытқа бұруда мықты президенттік басқару жүйесін уақыттың өзі талап еткені анық. Біз осы жылдар ішінде ешкімге ұқсамайтын, өз бет-бейнеміз бар, қарқынды дамудың даңғылына түскен елге айналдық. Жаһандық сын-қатерлерді де еңсеруге қабілетіміз жетерлік мемлекет құрудың алғы шарттарын қаладық. Себебі, біз «алдымен – экономика, сосын – саясат» ұстанымымен өз жолымызды тапқан ел екенімізді бүкіл әлем мойындады.

Ең алдымен, Президенттің біраз өкілеттіктері Парламент пен Үкіметке беріліп, тәуелсіз биліктің жаңа жаңғыру үлгісі қалыптасады. Бұл саяси партиялардың да құзырын кеңейтетіні анық. Парламенттегі саяси партиялар қызметі де жандана түсетін болады. Басымдыққа ие партияның да Парламентте көпсанды болуымен бірге, ел алдындағы жауапкершілік жоғарылайды. Бұл халықтың да саясат мәдениетін жаңаша сипатта ұғынып, оған белсене атсалысуға жол ашатын болады.