27
Сәуір

Депутат Меруерт Қазбековаға алғысымыз мол

«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі, 2017 жылдың  27 сәуірі


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Ақмола облысына арнайы жұмыс сапарымен келгенде «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдаған еді. Бұл қабылдауда болған адамдар өз бастарындағы түйткіл теперішті айтып, шағымданған. Осы адамдардың ішінде Сандықтау ауданынан келген Бауыржан Шобдыр бастаған алты адам өздерінің жалақыларын ала алмай жүргендерін айтқан. Бір апат өтерлігі, олар өздері жұмыс істейтін  жергілікті «Агро Астана» ЖШС-нен алты айдан бері жалақыларын ала алмақ түгілі, ешқандай келісім шарт та жасаспағаны анықталды. Жұмысқа қабылдау жөнінде өтініш те болмай шыққан.

Парламент депутаты бұл оңай шаруа еместігін қабылдау кезінде шағымданушыларға айтқан еді. Қазір барлығы заңға жүгінген заман ғой. Егер жаңағы  серіктестік пен жұмысшы арасындағы қарым-қатынасты айғақтайтын ешқандай құжат болмаса,  депутат та қарыз жалақыны алып бере алмасы анық.

Бірақ, Меруерт Қазбекова бұл жолы ерекше мән берді бұл іске. Аталған серіктестікті Астанадағы құрылтайшыларына шығып, жұмысшылардың бірнеше миллион теңге қарыз жалақысын қайтаруды талап етті. Алғашында уәде берген құрылтайшылар бұл істі «сен салар да, мен саларға» айналдырып, жалтарып кетпек те болды.

Жақында Сандықтау ауданынан жақсы хабар алдық. Онда Парламент депутатының Көкшетау қаласында өткізген қабылдауына ауданнан ат сабылтып келген Бауыржан Шобдыр бастаған жұмысшылар өздерінің жалақыларын толық қайтарғанын айтып, Меруерт Қазбекованың атына өз алғыстарын жолдайды. «Алдында біз ешкімге сенбеген едік. Талай табалдырықты тоздырсақ та, ешкім қол ұшын бере алмады. Ал, ақжолдық депутат Меруерт Қазбекова біздің миллиондаған теңге қарызымызды бір-ақ күнде алғызып берді. Оған өз және отбастарымыздың атынан шынайы алғыс айтамыз. Ел мүддесі жолында осылай қажырлы еңбек ете беріңіз» депті олар.

Облыстық филиалда өңірлерге шыққан Парламент депутатымен мұндай қабылдаулар ұдайы жүзеге асырылады. Қаншама адамдар әр түрлі мәселемен келеді. Бірінің ұсақ-түйек, енді бірінікі өзекті болатынын да көреміз. Бірақ, осылардың барлығы партиямыздың белсенді жұмысы арқылы шешімін тауып жататынын да атап өтуге болады. Меруерт Қазбековаға осындай азаматтар мәселелеріне ат-үсті қарамай, бар ынта-ықыласын арнайтынына да филиал атынан ризашылық білдіргіміз келеді.