09
Маусым

Санат жоқ 09.06.2017

Екі ел делегациясы арасындағы кездесу тек мемлекеттік тілде өтті

 9 маусым 2017 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз-қызметі

Астанада ашылған ЭКСПО-ның  алғашқы күні, бүгін  «Ақ жол» партиясы  Қытайлық «Жиау Хан» инвестициялық корпорациясының төрағасы Янг Далу мырза бастап келген бизнес өкілдерімен кездесу ұйымдастырды.

Келіссөз барысында «Ақ жол» партиясының  төрағасы, ҚР Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қытайлық бизнес өкілдеріне Қазақстан кәсіпкерлерімен бірлесіп жұмыс істеу үшін көп мүмкіндіктер бар екеніне тоқталды. Қазақстанның Инвестиция туралы заңының артықшылықтарын айта келіп,  инвесторлар құқын қорғауда қолдау білдіретіндерін жеткізді.

Ал, «Жиау Хан» инвестициялық корпорациясының  директоры Лонг Зэ мырза  ҚХР-дағы шағын және орта бизнес өкілдеріне жобалық талдау, қаржы, энергия ресурстарын пайдалану, медицина, биржалық инвестиция және т.б. салаларда қызмет көрсететінін айтып, Қазақстандық  әріптестеріне ҚХР-дың бизнес саласы жайында мәлімет беріп, жобалармен таныстырды. Қазақстан Республикасы ұйымдастырып отырған халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі көптеген мемлекеттермен қатар ҚХР кәсіпкерлерінің де қолдауына ие болғандығын мысалға келтірді. «ЭКСПО-2017» көрмесі ҚХР-дың осы орайда «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасымен сәйкеседі, сол себепті осы бірлікте екі ел арасындағы сауда-саттық нарығын арттыруға дайындығын білдірді.

«Ақ  жол» партиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев, Ұлттық инвестициялық палатаның вице-президенті Болат Өтепбаевтар Қазақстандағы  бизнес жобалар туралы таныстырды.
Шара соңында «Ақ жол» партиясының  төрағасы Азат Перуашев Қытайлық, кәсіпкерлермен екі ел арасындағы кәсіпті дамытып, және сауда-саттық нарығын өркендету үшін сәттілік тілеп, жобаларды тиімді түрде жүзеге асыру жайын айтып өтті. Мысалы, қытайлық әріптестер  Қытайда шығарылатын жеңіл көліктердің Қазақстанға өтуі қиындығын айтса, Азат Перуашев қазақстандық кәсіпкерлердің ет өнімдерін  Қытайға өткізбей жатқанын тілге тиек етті.  Екі ел арасындағы товар алмасуда туындайтын қиындықтарды бірлесіп шешуді ұсынды. «Ақ жол» жетекшісі ЭКСПО көрмесінің ашылу қарсаңында келіп отырған қытайлық кәсіпкерлерге Ақ жол тіледі.

 Айтпақшы, Қазақстан мен Қытай елдері  делегациясы   арасындағы кездесу  тек мемлекеттік тілде өткенін атап айтамыз.  Сөйтіп, осыдан үш жыл бұрын «Ақ жол» партиясы делегациясы Қытайға барғанда  Бейжіңде «Ақ жол» партиясының  төрағасы,  Мәжіліс депутаты Азат Перуашев  ҚХР вице-спикерімен кездесуді қазақ тілінде бастағанда қытайлықтар қатты сасып, «Бұдан былай қазақшадан тікелей аударатын аудармашы арқылы сөйлесеміз» деген уәделерінде тұрды деуге болады.

Қытайлықтардың  сөзі тікелей Қазақстанның мемлекеттік тіліне –  қазақ тіліне аударылып отырды. Қазақ тілі қытай тіліне аударылды.  Бұл кездесуге ешқандай қатысы жоқ Ресейдің мемлекеттік тілінің де еш керегі болған жоқ. Бұл да болса, Тәуелсіздігіміздің белгісі ретінде бедерленетіні анық.  Сөйтіп, Қытайға барғанда тұңғыш рет қазақ тілінде сөйлеген саяси партия атанған «Ақ жол» партиясы ұлттық мүддеден туындайтын бұл жарқын қадамын нақты бекітті деуге болады.

Ал «Ақ жолдың» бұл айқын қадамы барлық партияларға да, мемлекеттік органдарға да үлгі болса, жарады.