20
Сәуір

Санат жоқ 20.04.2014

Арыстар - елдің ардағы

Семейде «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жас ақындар мүшәйрасы болып өтті.
Сәуір айының жиырмасы күні Қалалық Мәдениет Сарайында  «Қазақстан-2050» Елбасы Жолдауы аясында «Ақ жол» партиясы және  «Халықтық ақындар орталығының»  ұйымдастыруымен жас ақындар арасында «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты қалалық мүшәйра өтті. Аталмыш мүшәйраның шарты бойынша  ақындар Алаш арыстарына арналған бір өлең және өздері қалаған еркін тақырыпта бір өлең оқуға тиіс болды. Киелі Семей шаһарында аталып өткен поэзия байқауының басты мақсаты - Алаш арыстарын ардақтау,  өнер иелерін оның ішінде өлең иелерінің  өрісін кеңейтуге ықпал жасау.
Мүшәйра  әдеттегідей әділ қазылар алқасының  алғы сөзімен басталды.  Қазылар алқасының құрамында  «Ақ жол» партиясының Орталық Кеңесінің ақылдастар алқасының мүшесі Рахат Алтай және  Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, халықтық ақындар орталығының жетекшісі  Дәмеш Серікбайқызы мен «Ойсана» жазба ақындар үйірмесінің жетекшісі, ақын, композитор Серік Молдабеков болды. Жыр додасына  тиісті баға берушілердің төрағасы ретінде сайланған Рахат Алтай байқау алдында  сайыстың ережелерін айта келіп, бірінші орын иесі Әлихан Бөкейханов, екінші орын иесі Шәкәрім Құдайбердіұлы, ал үшінші орын иесі Мұстафа Шоқайұлы атындағы жүлдемен мараппаталатынын жария етті. Қазылар төрағасы кешегі ұлтым деген тұлғаларды үлгі тұту керектігін өз сөзіне тиек етіп қатысушы жас өрендердердің  бойына рух сыйлағандай әсер қалдырды.
Қос кезеңнен тұратын сайыс шарты бойынша өнерпаздар  «Арыстар - елдің ардағы» атты бастау бөлімінде алашқа, арыстарға арналған рухты жырларын нөсерлетсе, «Сезім тамшылары» кезеңінде кез-келген еркін тақырыптағы өлеңдерін сусаған құм далаға жауған ақ жаңбырдай төгілтті. Аталған тақырыпқа сай ақындар тамаша ұйқасқа құралған, мәнді де мазмұнды жырларын жұртшылық қауымға  ұсына білді. Алаш арыстары жайлы өлең оқыған  ақындардың отты жырлары көрерменнің  ыстық қошеметіне ие болды. Ұлы өнердің ұлағатын сімірген наркескендей  жарқылдаған жиырма жас ақын жырдың көркін қыздырды. Поэзия әлеміне еркін еніп, есімдері бүгінгі жас буынның алдыңғы қатарында аталып жүрген Айзат Төлегенұлы, Нұрлан Бектібаев, Манарбек Сатыбалдин, Арман Шеризатов, Ерік Омарғали, Жасұлан Мақаев, Қуаныш Нұржанов, Дамир Әбенов, Біржан Ахмер, Гүлназ Армия т.б. жас ақындар өз кезегінде бірінен соң бірі шығып, алаш турасында батыра айтып, батыл жырлаған туындыларымен жүректі тербеді.
Мүшәйра  қорытындысы бойынша үшінші орынды Арман Шеризатов иеленсе , екінші орын   Жасұлан Мақаевтың еншісіне бұйырды. Бірінші орынның мадақтау қағазына Жұмабек Айқынұлы  лайықты  деп  танылды. Жыр сайысының бір қызығы жеңімпаз атанған Жұмабек Айқынұлы  байқау тізімінде болмаған. Сол жарыс күні мүшәйраға келмеген өнер иесінің  орынына қатысып кетіп бағы жанған ақын осындай сайыстардың жиі болып тұруын сөз барысында атап айтты.  Қатысқан ақындарға алған орындарына  сай ақшалай жүлделер табыс етілді. Сөз соңында  осы шараны ұйымдастырып отырған «Ақ жол» партиясының Семей қаласы бойынша  үйлестірушісі Ермек Серікбаев екенін атап айтқан жөн. Жарыс аяғында  сөз сөйлеген Рахат Алтай  «Ақ жол» партиясының   Алаш қайраткерлерін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда  ауқымды істерге қадам басуға даяр екендігін  көрермен қауымға мәлім етті.