12
Мамыр

Санат жоқ 12.05.2014

Батырлар есімдері жазылған ленталар таратылды

12 мамыр 2014 жыл, «Ақ жол» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының баспасөз қызметі.
9 мамыр күні Ақтөбедегі мерекелік шерудің сәнін батырлар есімдері жазылған көгілдір ленталар аша түсті. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырлардың есімдерін ұлықтау мақсатында таратылған ленталарды көпшілік жылы қабылдады. «Ақ жол» ҚДП- сы Ақтөбе облыстық филиалының мүшелері Ұлы Жеңістің 69 жылдық мерекесіне арналған салтанатты шеруде де осылайша белсенділік танытты. Батырлар есімі жазылған жүзден астам ленталарды Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жастарға қадап берді. Ардагерлер елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған мұндай шараға ризашылықтарын білдірді. Тіпті олар: «Мұндай шара жастарды отан сүйгіштікке баулиды. Жасыратыны жоқ, қазіргі күні жастар сұрапыл соғыс жылдары Отан үшін от кешкен ер жүрек батырлардың есімдерін біле бермейді. Ал, Жеңіс күні оларды жастарға насихаттау құптарлық іс», деп жатты. Негізгі шара Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қарғалы елді мекенінде өтті. Бұл жерде 500-ге тарта ардагер тұрады. Ауыл көркемөнерпаздары ардагерлерге арнап концерттік бағдарлама дайындаған екен. «Ақ жол» ҚДП-сы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асқар Садықов осы Қарғалы елді мекені аумағынан облыстық маслихатқа депутат болып сайланған еді. Сондықтан, халық қалаулысы еңбек ардагерлерін құттықтап, сөз сөйледі. Партия филиалы жетекшісінің ұсынысымен осы елді мекенде ардагерлер арасында шахматтан турнир ұйымдастырылған болатын. Ұлы жеңістің 69 жылдығына арналған мерекелік шарада сол турнирде жеңімпаз атанған спортшыларға ақшалай сыйлықтар таратылды. Ал, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Лескен Ізбановқа турнирді ұйымдастырудағы белсенділігі үшін «Ақ жол» ҚДП-сы Ақтөбе облыстық филиалы атынан алғыс хат табысталды.