24
Қазан

«Ақ жол» партиясы жаңадан құрылатын шағын және орта кәсіпорындар үшін толыққанды салықтық демалыстарды енгізуді тағы да ұсынады

24 қазан 2017 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі

«Ақ жол» партиясы жаңадан құрылатын шағын және орта кәсіпорындар үшін толыққанды салықтық демалыстарды ұсынады - бұл туралы Азат Перуашев өткен сәрсенбіде Мәжіліс отырысында ҚР Салық кодексінің жобасын талқылау барысында мәлімдеді.

Демократтар фракциясының көшбасшысы ұсынылған жоба бірқатар мәселелер бойынша белгілі бір прогреске қол жеткізгенін, бірақ көптеген өзгерістер мәлімделген декларацияларға сәйкес келмейтінін атап өтті.

Осылайша, салықтық несие қағидаларының пайда болуына қарамастан, олардың тәжірибелік қолданысы үлкен күмән тудырады. Халықаралық тәжірибеде салықтық несиені қолдану белгілі бір шарттармен байланысты: мысалы, пайда болған форс-мажормен немесе инвестициялық жобалар үшін қаржы ресурстарын босату мақсатында. Бізде бұл мәселелер уәкілетті органның қарауына қалдырылды, ал ол бопсалаушылық және жемқорлық үшін алғышарттар жасайды. 

Сонымен қатар, «Ақ жол» фракциясының пікірінше Президенттің 2011 жылдың 1-ші қыркүйегінде Парламент сессиясының ашылуында берген кәсіпкерлік субъектілері құрылған күннен бастап алғашқы 3 жылын салық тексерулерінен босату туралы тапсырмасы толығымен орындалмады - Салықтық мiндеттемелерге қатысты әңгіме халықаралық тәжірибеде кеңінен таралған салықтық демалыс туралы болып отыр.

2012 жылы бұл тапсырма тек шағын бизнестің субъектілеріне қатысты орындалды. Сонымен қатар, «Ақ жол» фракциясы өзінің депутаттық сауалдарында Мемлекет басшысының тапсырмасында тек шағын кәсіпкерлік емес, барлық жеке кәсіпкерлік субъектілері туралы айтылғанына Үкіметтің назарын бірнеше рет аударды.

Салықтық несие, салықтық рақымшылық сияқты, салықтық демалыс та халықаралық тәжірибеде бизнесті ынталандырудың тиімді шаралары ретінде кеңінен қолданылады.

«Осыған орай, біз тек тексеруден босатуды ғана емес, сондай-ақ жаңадан құрылатын шағын және орта кәсіпорындар үшін толыққанды салықтық демалысты енгізуді ұсынамыз, ол толыққанды аяқтарына тұрғанша кейінгі кезеңге дейін салықтық міндеттемелерден босатуды немесе ауыстыруды білдіреді», - деп мәлімдеді депутат.

 

А.Перуашев бұл шаралар бюджет үшін шығын әкелмейді, өйткені, әңгіме тек әзірге әлі жоқ жаңа кәсіпорындар туралы болып отыр, сондықтан да  - бюджетке түсетін кірістер де жоқ деп атап өтті.

«Керісінше: егер біз жағдай жасасақ - жаңа кәсіпорындар да, жұмыс орындары да пайда болады және олардың табыстары салық базасын кеңейтуге әкеледі»,- деді ол.