Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде бұдан алты ай бұрын жарияланған дүбірлі жыр-додасының қорытындысы шығарылды.
Осынау айтулы іс-шараның мақсаты – Тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі келбеті мен мемлекеттігіміздің негізі болып табылатын алғашқы саяси «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі арыстарына тарихи баға беру; жас ұрпақты патриоттық-тағылымдық тәрбиеге баулитын Тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясынан туындайтын Қазақ тарихындағы қалдырған ізі зор қайраткер тұлғалардың ерен еңбектерін жырлау; рухани жаңғырудағы ұлттық мұрамыз бен елдік-ерлік құндылықтарымызды ұлықтау болатын.
Алаш атын ардақтаған Халықаралық мүшәйраға елімізбен бірге Қытай, Моңғолия елдерінен де ақындар қатысып, барлығы 127 ақынның жыры талқыға түсті. Бұл жырларды елімізге белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы таразылап, талқыдан өткізді. Бір қызығы, Алашқа арналған мүшәйра сарашыларының – төрағасы көрнекті ақын Серік Тұрғынбекұлынан бастап, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, саңлақ сыншы Бақыт Сарбалаұлы қостап, барлығы да Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаттары екен.
Салтанатты кешке осынау мәдени іске тікелей мұрындық болған «Ақ жол» партиясының серкелері мен белгілі ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, сондай-ақ бұқара көпшілік, студент жастар жиналды.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев: – «Алаш» партиясы – Қазақ хандығы құлағаннан кейін ХХ ғасыр басында тұңғыш рет тек қазақтарға байланысты емес, жалпы Орталық Азиядағы пайда болған ересен ірі саяси ұйым еді. Міне, осыдан беріде білдей бір ғасыр уақыт өткен екен. Бұл, расында да, ерекше тарихи дата. Сондықтан, таяуда Бейжіңде өткен зор форумға қатысып қайтқан біз сондағы 120 мемлекеттен жиналған 700-дей делегатты айтулы датамен құттықтадық. Әлбетте, осынау мерекемен сіздерді де құттықтаймын!
Әлихан Бөкейханұлы бастаған «Алаш» қозғалысы, Алашорда автономиялық үкіметі құрамында білікті ғалымдар, математиктер, экономиканы, мемлекеттік басқару ісін жіті түсінетін, әлеуметтік саланы жақсы білетін адамдармен бірге мәдениет қайраткерлері де болды.
Бұдан бір апта бұрын Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясының ортақ депутаттық сауалы ретінде Үкіметке арнайы ұсыныс жасадық. Онда «Алаш» партиясына қатысты шаруа осы жүз жылдықпен шектеліп қалмауы туралы мәселе көтерілді. Мысалы, біз Алаштың бас ақыны ретінде саналатын Мағжан Жұмабаев оқуларын жыл сайын өткізіп отыру қажет деп есептейміз. Және оны Петропавл қаласында өткізгеніміз жөн деп санаймыз. Бұл бағытта басқа да бастамалар көтерілуі қажет. Яғни, Алаштың мағынасы еліміздің көгіндегі Темірқазықтай халыққа жол көрсетіп, бағыт сілтеп 100 жыл емес, 1000 жыл.. мәңгілік жасай беруі керек деп ойлаймыз.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы мүддеге келсек, біздіңше, ол осындай істерден басталуға тиісті. Осыдан жүз жыл бұрын құрбан болған, ұмытылған Алаш арыстарының атын қайта тірілтіп, жарыққа шығарып, тек қазақ халқына емес, шетел оқырмандарына да кеңінен таныстыру керек. Ал мына ақын-жазушыларымыздың еңбектері, мынандай мүшәйралар осы іске лайықты үлес қосатындығы анық. Сол себептен, игілікті істің басы-қасында жүрген Қазыбек Иса мен өзге де қаламгер бауырларыма ризалығымды білдіргім келеді.
«Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса: – Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Баяғыда, осыдан жиырма алты жыл бұрын Тәуелсіздік алған сәтте бүкіл ата-бабаларымыз аңсаған осы күнді көрдік пе, көрмедік пе деп едік. Сол секілді, міне, ел Тәуелсіздігі жолында қан мен тер төккен тұңғыш ұлттық Үкімет, алғашқы «Алаш» партиясының құрылғанына да жүз жыл толды. Ал «Ақ жол» демократиялық партиясы жарты жылдан бері Қазақ еліне ғана емес, көршілес Қытай, Моңғолия мемлекеттеріне сауын айтып, Халықаралық мүшәйра өткізіп отыр. Дүбірлі жыр-додасына 127 өлең келіп түсіпті, дені сүйекті дүниелер екен. Бұл жолы біз басымдықты көбінесе поэмаларға бердік.
Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен қатар «Алаш» партиясының символы мәнерленген арнайы төсбелгімен марапатталды. Жүлдені Серік Тұрғынбекұлы, Ұлықбек Есдәулет, Бақыт Сарбалаұлы. Ғалым Жайлыбай, Қазыбек Иса, Құл-Керім Елемес, Ботагөз Уатхан, Сұлтан Хан Аққұлы, Арман Сқабылұлы, Серік Жанболат сынды танымал тұлғалар тапсырды.
Айтулы іс-шараны ұйымдастырушылар мүшәйраның демеушілері – Алматы Көпір құрастыру зауытына, Алматы Ауыр машина жасау зауытына, «Алагеум-электрик» компаниясына және Қазақстан Жазушылар одағына алғыс айтты.
Мүшәйралық марапаттау кешін белгілі ақын Әлібек Шегебай жүргізді.