«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі, 2017 жылдың 9-шы желтоқсаны
2017 жылдың 9 желтоқсанында Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының Алаштың 100 жылдығына арналған биылғы «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының қорытындыларын шығаруға арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Оған белгілі алаштанушы ғалымдар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Ақ жол» партиясының белсенділері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, шығармашылық интеллигенция, БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияны құттықтау сөзбен «Ақ жол» партиясының төрағасы, «Ақ жол» партиясының Парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ашты. «Біз осыдан 5 жыл бұрын ЕҰУ-нің ғалымдарымен бірлесіп, Алаштың 95 жылдығына арнап, республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізгеннен бастап, Алаш қайраткерлерінің идеяларын насихаттап, көпке тарату бағытын темірқазық етіп алып, Алаш аманатына адалдық таныту жолынан айныған емеспіз. Сол конференцияда жыл сайын өткізіп тұрамыз деп уәде берген «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық ғылыми байқауы биыл 5-ші рет өткізілгелі отыр. Ғылым жолына түскен жастарды қолдауға бағытталған жаңашыл бастама қазірдің өзінде «Ақ жолдың» мегажобасына айналып, өзін ақтады. Бес жылда қаншама жас ғалымның есімі анықталып, ғылыми ортаға танылды. Қазіргі уақытта қоғамымызда «100 жаңа есім» деген жоба басталғанын білесіздер. Сол сияқты «Ақ жол» ашқан 50 есім» дейтіндей тізім қалыптасып үлгеріпті. Бес жылда – 16 жеңімпаз, 34 жүлдегер шығыпты! Оған бүгінгі анықталатын 4 жеңімпаз бен 8 жүлдегерді тағы қосыңыз! Сан сапаға айнала бастады. «Алаштың Ақ жолы» байқауының лауреаты» атанып, төсбелгі алған жеңімпаздардың 3-уі PHD ғылым докторлығын (Алмас Жүнісбаев, Махаббат Қозыбаева, Дулат Ибраев) қорғады. Осының ішінде Алмас Жүнісбаев Мұхтар Әуезов атындағы гуманитарлық ғылым саласындағы жас ғалымдар сыйлығына ие болды. Сондай-ақ диссертациялық жұмыстарын қорғау алдында жүрген 4 докторантымыз (Еркін Рахметуллин, Ұшқын Сейдрахман, Ермұхамед Маралбек, Алма Сайлауқызы) бар. Оның бірі – Еркін Рахметуллин күні кеше ғана Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырған Е.Бекмаханов атындағы жас ғалымдардың байқауынан Е.Бекмаханов атындағы сыйлықты алды, ал Ермұхамед Маралбек жас ғалымдарға арналған Президенттік мемлекеттік ғылыми степендияны иеленді. Сонымен қатар, біздің жеңімпаздар мен жүлдегерлер арасында 15 ғылым магистрі бар екен. Солардың арасынан жас әдебиетші, алаштанушы, «Ақ жол» партиясының идеологиялық жұмыстар бөлімінің сарапшысы Елдос Тоқтарбай ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанып, дәл қазір осы сыйлығының арнайы табысталуы салтанатында отыр. Сөйтіп, «Ақ жол» тұсауын кескен жас ғалымдар ғылым мен әдебиет, мәдениет саласында табыстарға қол жеткізіп, көпке танылуда. Олар қазір еліміздегі маңдайалды университеттер мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, түрлі басылымдарда жемісті еңбек етуде»,- деді ол өз сөзінде. Сондай-ақ ол ақтық сайысқа шыққан үміткерлерге байқауда да, өмірде де сәттіліктер тіледі. (Толық мәтін «Ақ жол» партиясының сайтында жарияланады)
Байқауды «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы Сәбит Байдалы жүргізді. Құрамына: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің проректоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Дихан Қамзабекұлы; осы университеттің профессоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Амантай Шәріп, 'Алаш' мәдениет және рухани даму институтының директоры, елімізге белгілі Әлихантанушы ғалым, PhD Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіп; Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Зиябек Қабылдинов кірген Қазылар алқасы төрт номинация бойынша өткен Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтады.
Нәтижесінде 1-ші«Конституциялық реформа және Алаш қозғалысы қайраткерлерінің еңбектеріндегі мемлекеттік құрылыс, демократиялық құндылықтар мәселелері» номинациясы бойынша «Алаш Орда идеясы – Қазақ мемлекеттілігінің төлқұжаты» тақырыбында баяндама жасаған «Қазконтент» АҚ журналисі, әлеуметтік ғылымдар магистрі Алтынбек Құмырзақұлы; 2-ші:«Алаш қозғалысы қайраткерлерінің еңбектеріндегі экономикалық көзқарастарының өзектілігі, қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың мәселелері және осы идеяларды қазіргі заманғы Қазақстанда дамыту» номинациясы бойынша «Алаш қозғалысының әлеуметтік-экономикалық ұстанымдарының бүгінгі қазақстандық қоғамдағы өзектілігі және үндестігі» атты тақырыппен баяндама жасағанҚарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының «Бұқар жырау жаршысы» газетінің тілшісі, әлеуметтік ғылымдар магистріНазерке Мадиярқызы Әбікеева; 3-ші:«Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің жұмыстарындағы қазақ қоғамының рухани-мәдени жаңғыруы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша «Х1Х ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы медицинаны дамытушы Алаш қайраткерлері» тақырыбында баяндама жасаған Түркияда Стамбұл қаласының университетінде білім алып жүрген отандасымыз Бектөре Мансұров және 4-ші «Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер» номинациясы бойынша «Алаш қозғалысы тарихындағы ЕСЕП – елін сүйген ерлер партиясының мәні мен маңызы» тақырыбымен өз жұмысын қорғаған ІІМ Қарағанды академиясының оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Жағыпар Әділет Бауыржанұлы «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауының жеңімпаздары атанып, 300 мың теңгеден сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ тиісті номинациялар бойынша екінші және үшінші орындарды иемденген алматылықтар:Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының докторантыАрман Әубәкір,әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих, археология және этнология факультетінің 4-ші курс студенті Айнұр Қамза; Астана қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, тарих магистріШагимолдин Ержан Өмірханұлы,Австрия астанасы Вена университетінің студентіТөлеубаева Иляйлим Серікқызы,Қостанай қаласы № 115 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, тарих мамандығы бойынша педагогика ғылымының магистріДастан Мұратұлы, сондай-ақ, талдықорғандықтар:«Алатау» қоғамдық-саяси газетінің журналисі,Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті 1-ші курс магистранты Шынар Жеңісқызы мен Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакция меңгерушісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Тұнғатар Қуаныш Абайбекұлылар өздеріне тиісті 200 мың және 100 мың көлеміндегі сыйақылармен марапатталды. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің бәрінің омырауларына «Байқау лауреаты» төсбелгісі қадалып, тиісті дипломдармен марапатталды, кітаптар тапсырылды.
Тұтастай алғанда, Байқауға қатысқан 12 үміткердің барлығының дерлік Алаш идеялары мен ұстанымдарының өміршеңдігін, оның бүгінгі таңда да өзектілігін дәлелдеп, негіздеуге тырысқан ғылыми ізденістері тыңдаушылардың көңілінен шықты.
Сонымен қатар Байқау барысында Алаш мұрасын насихаттауда белсенділік көрсетіп жүрген бір топ ғалымдарға, суретші, журналист, ұстаз т.б. мамандық иелеріне «Ақ жол» демократиялық партиясы Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институымен бірлесе отырып, Алаштың 100 жылдығының құрметіне шығарылған мерекелік естелік медал табыс етілді.