Алаш тақырыбына қатысты биылғы жұмысымыздың негізіне Алаш ұлттық-территориялық автономиясының, Алашорда үкіметінің, Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралар алынды.
Егер естеріңізде болса, біз - 2016 жылдың қараша айында «Ақ жолдың» парламенттік фракциясының атынан Үкіметке депутаттық сауал жолдап, Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтауға арналған танымдық іс-шаралар белгілеп, іске асыруды ұсынған болатынбыз.
Нәтижесінде республиканың барлық аймақтарында Алашқа арналған конференциялар өтіп, Алаш астанасы болған Семейде Әлихан Бөкейханға ескерткіш тұрғызылды.
Астана қаласында үлкен даңғылға Алаш көсемінің аты берілді. Басқа да қалалардағы біраз көшелер, мектептер Алаш қайраткерлерінің есімдерін иеленді.
Қазақстан Ұлттық арнасы деректі және көркем фильмдер түсіріп, көрсетті.
Аталмыш датаны айқайлатпай, той ретінде емес, жұмыс ретінде мазмұнды атап өтуіміз орынды болды.
Біз 13 желтоқсан күні, Парламент Мәжілісі мінберінен, осыған атсалысқан Мәдениет министрлігі мен әкімшіліктерге, қоғамдық ұйымдарға ризашылығымызды білдіріп, барша жұртты халқымыздың азаттығы үшін күрескен Алаш Орданың 100 жылдығымен құттықтадық.
Сондай-ақ, Алашты ұлықтау бір ғана 100 жылдықпен шектелмеу керек.
Осыдан сәл бұрын осындай пікірді «Ақ жол» фракциясы өзінің депутаттық сауалында білдіріп, республика бойынша Алаштың бас ақыны атанған Мағжан оқуларын өткізудің қажеттігін атап көрсеткен. Бірден айта кетейін, оған күні кеше ғана Мәдениет министрінің оң жауабын алдық.
Жақында, осы желтоқсан айының басында Қытай астанасы Бейжіңде әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының Форумы болып өтті.
120 елден 600-ден астам делегат қатысқан дүбірлі жиында біз өз баяндамамызда Алашты Орталық Азияның ішіндегі алғашқы саяси партия және 20-шы ғасырдың алғашқы ұлттық автономиясы ретінде көрсеттік.
Форумға қатысушыларды Алаштың 100 жылдығымен құттықтадық.
Жиынның спикері, АҚШ республикалық партиясының өкілі, тағы басқалар тақырыпқа қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді.
Менің мұны айтып отырған себебім, жалпы Алаш идеяларын ел ішінде ғана емес, сыртта да таратудың жолдарын қарастырғанымыз жөн сияқты.
Егер біз өзімізді Алаш ұстанымдарын жалғастырушылармыз деп есептесек, онда Алашты ардақтаудың мүмкіндіктерін қай жерде болсын қалт жібермегеніміз абзал.
Алматыда өткен Алаш қозғалысының 100 жылдық мерекесіне арналған,Қазыбек Иса мұрындық болған,«Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақ Елі» халықаралық мүшәйрада алыс-жақыннан жыр додасына қатысқан Алаш құндылықтарын ардақтап, Алаш қайраткерлерінің Қазақ тарихында қалдырған ізін зор шабытпен жырлады.
Сәбит Байдалының бастамасымен Қазақ даласының қастерлі бір пұшпағы, қазақ елінің қасиетті өлкесі – Ұлытауда «Ұлт ұжданы – Ұлытаудың қазақ елін рухани жаңғыртудағы рөлі мен орны» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция да ойдағыдай өтті.
2017 жылдың 13 желтоқсанында «Ақ жол» демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен бірлесіп өткізген «Алаш және Алашорда: Тағылым мен Тәуелсіздік сабақтастығы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясының да танымдық мәні зор болды.
Партиямыздың Маңғыстау филиалы Алаш қайраткері Жалау Мыңбаев туралы әсерлі іс-шаралар ұйымдастырды, ал филиалдың жастар қанаты Алаш қайраткерлері туралы сахналық қойылымдар қойып, ол көптің ықыласына бөленуде. Басқа да өңірлерде Алашқа қатысты жұмыстар жүргізілді.
Біз осыдан 5 жыл бұрын ЕҰУ-нің ғалымдарымен бірлесіп, «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық ғылыми байқауы биыл 5-ші рет өткіздік.
Бес жылда қаншама жас алаштанушының есімі анықталып, ғылыми ортаға танылды.
Елбасымыздың қазіргі заманның күн тәртібіне қойған рухани жаңғыру дегенімізге, менімше, Алаш қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын, ұстанымдарын жаңа заманның талаптарына сай зерделеу және оны көпшілікке, әсіресе, жас ұрпаққа тарату да кіреді.
Біз дәл осы бағытты идеологиямыздың өзегі ретінде алдық.
Біз Алаш жөнінде арнайы бағдарлама қабылдаған бірден-бір партиямыз және оны, қолдан келгенше, іске де асырып жатырмыз.
Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмысымызды жүйелі түрде жалғастыра береміз.