«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі, 2018 жылдың 4 қаңтары
Жаңа жылдың алғашқы күндері «ақжолдық» халық қалаулылары үшін қарбалас жұмыспен бастау алды. Парламент Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова өзінің туған жері - Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді.
Алдымен ол партияның Ақмола облыстық филиалы ғимаратында аймақ белсенділерімен кездесті. Онда Парламенттегі қызмет барысы жайлы әңгімеледі. Өздеріңіз білесіздер, «Ақ жол» партиясы жоғарғы заң шығару органындағы ең белсенді фракциялардың бірі саналады. Елдік мәселелерді, оның ішінде қарапайым адамдардың жайы, кәсіпкерлер құқықтары және басқа да толып жатқан жайлар биік мінберден айтылады. Үкіметке депутаттық сауалдар да жиі жолданады. Меруерт Қазбекова өз әріптестеріне аталған бағыттағы жұмыстарды жан-жақты айтып, жергілікті жағдайға да қанықты. Филиал жетекшісі Серік Бейсембаев жыл бойы атқарылған іс-шараларды тілге тиек етті. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын міндеттер де ауызға алынды.
Халық қалаулысы Ақмола облысының әр деңгейдегі мәслихаттарындағы депутаттарымен қандай байланыс барын да сұрап білді. Бүгінде үш «ақжолдық» депутат өкілетті органда жұмыс атқарады. Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, «Сауда Пласт» құрылыс компаниясының директоры Ғалымжан Көпішевтің депутаттық жұмысы турасында хабардар болды. Ол жыл аяғында өз сайлаушылары алдында есеп берді. Жыл бойы өз округіндегі қаншама түйткіл мәселелерді шешті. Осы шарада басқа да мәселелер талқыға салынып, арнайы шешімдер қабылданды.