Осы күндері Мәжіліс депутаттарының аймақтарда сайлаушылармен кездесуі өтуде. Халық қалаулылары еңбек ұжымдарымен, қоғам өкілдерімен кездесіп, азаматтарды қабылдауда. Сондай-ақ өндірістік ошақтарда болып, әлеуметтік-мәдени нысандарға барды.
Сондай сапардың бірі Астана қаласындағы «Тұлпар-Тальго» зауытында өтті. М.Əшімбаев, Г.Қарағұсова, М.Чирков, Б.Мамыраев, Е.Бектұрғанов, Ж.Жарасов жəне Т.Яковлева секілді Мəжіліс депутаттарын «Тұлпар-Тальго» зауыты директорының орынбасары В.Киселев кəсіпорынның өндірістік қуатымен таныстырып, испан вагондарын құрастыру кезінде енгізілген инновациялар туралы баяндады. Ол Астанада шығарылған «Тұлпар-Тальго» вагоны Кеден одағының барлық елдерінде пайдалануға болатынын, сондай-ақ аталған одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сəйкес келетінін айтты. Кездесуде Халықаралық істер, қорғаныс жəне қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мəулен Əшімбаев «Тұлпар-Тальго» зауыты бүгінгі таңда Қазақстанның теміржолын жаңа вагондармен қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. Кездесу аясында зауыттың жұмыс барысы, жалақы мөлшері жəне басқа да мəселелер əңгімеге арқау болды.
Сонымен қатар Мəжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі А.Перуашев, сондай-ақ депутаттар Е.Никитинская, Б.Дүйсенбинов, Д.Еспаева елордада бір топ кəсіпкерлермен кездесті. Шараға машина жасаушылар, IТ-компаниялар, фармацевтика өнеркəсібі, «Қазхимпром», азық-түлік жəне өңдеу өнеркəсібі салаларының өкілдері қатысты. Отырыста фракция басшысы А.Перуашев кəсіпкерлікті алаңдатқан күрделі мəселелерге тоқталып, отандық өнеркəсіпті қолдау қажеттілігін атап өтті.