31
Мамыр

Санат жоқ 31.05.2018

Қудалау құрбандарына тағзым етті

2018 жылғы 31 мамыр, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы

Бүгін қазақ елінің түкпір-түкпірінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шаралар өтті. Көкшетау қаласында ,,Ақ жол,,  ҚДП Ақмола облыстық филиалы,  ,,Ел бірлігі,,  қоғамдық бірлестігі,  Науан хазірет орталық мешіті және Мәлік Ғабдуллин музейінің бірлесіп ұйымдастыруымен Науан хазірет пен Сәкеннің ұлы - Аян жерленген ескі қазақ қорымында аруақтарға құран оқылды. Шағын тағзым ету шарасына алпыс-жетпіс адам қатысып,  Аза тұту күні жайлы өз ойларын ортаға салды. Бұл көкшеліктер үшін киелі жер саналады. Осы жерге ескерткіш белгі тас қойылып,  маңайы абаттандырылса деген ұсыныстар да айтылды.

            

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада ,,Тағдырлары қасіретті қайраткерлер,, тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оны өңірге танымал журналист, жоғарыда аталған бірқатар ұйымдардың жетекшісі Бақыт Смағұл жүргізіп, отырды. Алдымен алаш көсемдеріне  арналған бейне фильм көрсетілді.

             

Алаш және саяси құғын-сүргін мәселесі бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы міндетін атқарушы Гүлжанар Шөкеева, жазушы, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Науан хазірет мешіті бас имамы Куаныш Жұмабайұлы,  Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Сәбит Жәмбек, Ақмола облыстық мемлекеттік архивінің архивисі, магистр Талапкер Уәлиев, Смағұл Сәдуақасұлының ауылдасы Ғибрат Ужаровтар алаш пен ашаршылық тақырыбына әңгімелер айтты. Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай Хасенов аштық куәгері жетісулық сазгер Қапез Байғабылұлының әнін орындады.

Әркім өз ойын ортаға салды. Біреу саяси қудалау құрбаны болған аталарын тілге тиек етсе, енді бір ғалымдар деректерді сөйлетті.

Алаш тақырыбына  арналға шара тағылымды өтті. Ең бастасы, елдің ой-пікірі өткен тарихты зерделеп, жарқын болашаққа қарышты қадам бассақ деген тілекке жетелеген еді.