16
Шілде

Ауылды толғандырған жайлар да бар

2018 жылғы 16 шілде, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы

Парламенттегі «Ақ жол» ҚДП фракциясы мүшесі, депутат Берік Дүйсембинов Біржан сал ауданының ардагерлер қауымы және бюджеттік мекеме өкілдерімен жүздесіп, өзара пікір алмасты. Аудан әкімі Ермек Нұғыманов кездесуді ашып, өңірдегі рухани-әлеуметтік жағдайдан хабардар етті.

             

Халық қалаулысы өзінің кіріспе сөзінде Парламенттегі заң шығару қызметіне жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, өткен сессияда барлығы 128 заң жобасы қаралып, 91-і Сенатқа жолданса, 65-іне Елбасы қол қойған.

Бұдан әрі Елбасының бес әлеуметтік бастамасы жөнінде әңгімелеп берді. Әсіресе, жас отбасыларға пәтер алудың жеңілдегені, білім гранттарының көбейгені және басқа да мәселелер кеңінен қозғалды.

             

Елордадан келген мейманға елдің жайын айтқан ақсақалдар тұрмыстық жайды да көтерді, дәрігер мамандардың жетіспеушілігін де сөз етті. Бұл ретте жас ұрпақ тәрбиесіне алаңдаушылықтарын жасыра алмады. Ауылдарды тастап көшіп жатқан жастар легінің тоқтамай отырғанын да тілге тиек ете сөйледі. Тарихи атауларды қайтару, көше аттарын жаңарту мәселелері де айтылмай қалмады.

Берік Дүйсембинов тұрғындар сауалдарына жауап бере келіп, өз тарапынан бұл мәселелерді шешуге болатынын жеткізді. Сауалдардың дені жергілікті деңгейдегі мәселелер болып табылады. Ал, елдік түйткіл мәселелер жерде қалмайтынына, жоғары мінберден көтерілетініне уәде  берді.