16
Шілде

БІРЖАН ЕЛІНЕ ЖАҢА ЕМХАНА КЕРЕК

2018 жылғы 16 шілде, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов Біржан сал ауданы орталығындағы емханада болып, оның материалдық-техникалық базасымен танысты. Аудан басшысы Ермек Нұғыманов бұл ғимараттың өте ескі екенін жеткізді. Салыну тарихы да тереңде жатыр екен. Сонау өткен ғасырдың 1928 жылдары салыныпты.

             

Мәселе ғимараттың ескілігінде де емес. Бұл адамдарға медициналық қызмет көрсетуде үлгілік ғимарат болмағандықтан қиындықтарын да келтіреді. Дәрігер мамандарға кабинет жетіспеушілігі де байқалады.

Бір жағынан аурухана ғимараты емханадан 4-5 шақырым жерде орналасқан. Бұл да емделушілерге ем қабылдау кезінде әрі-бері жүгіріске түсіретіні бар.

             

Халық қалаулысы Берік Дүйсембинов медициналық қызмет көрсету мекемесінің жағдайымен таныса келе, бұл жерде жаңа ғимарат салу керектігін баса айтты. Бұл мәселені республика көлемінде көтеру маңызды екенін де еске салды. Шынында, биыл бұл аудан өзінің 90 жылдық тойын атап өтеді. Сондықтан бұл мәселе шешімін тапса, бұл аталған мерейтойға жақсы сыйлық болар еді.

Дәрігер-психиатр Қайрат Тастанбеков өз әріптестері атынан емхана мәселесін оңтайлы шешілсе деген тілегін жеткізді. Біз де бір ғасырлық тарихы бар ауданда осынша жыл осы заманғы емхана мен аурухана салынбағанына таң қалдық. «Ештен кеш жақсы» демекші, депутаттың ойынша Үкімет назары ауса шешілетінін атап көрсетті. Өзі де осы іске белсене атсалысатынын айтты.