2018 жылғы 18 шілде, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы
Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында құрылыс индустриясы жаңаша қарқын алатын болады. Оған әр жас отбасы пәтер алуы үшін жеңілдіктер қарастырылатын несиелер беріле бастайды. Ол үшін еліміздің барлық өңірінде құрылыс саласын да жандануы тиіс.
Міне, бұл мәселе халық қалаулысы Берік Дүйсембиновтің Көкшетау қаласындағы «ЕНКИ» кірпіш зауытында болған кезінде әңгіме өзегіне айналды.
Зауыттың бас директоры Мырзабай Әбдіхалықов өз сөзінде кәсіпорынның қазіргі қуаты жайлы ой қозғады. Бүгінде ол жылына 60 миллион дана кірпіш өндіреді екен. Алдағы уақытта жаңа қондырғылар орнатылса, бұл көрсеткіш бұдан да еселенетін болады.
Директор бұл кәсіпорын Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы ең іргелі зауыт екенін тілге тиек етті. Оның астары да бар. Неге десеңіз, Көкшетаудың қамтама кірпіші Қазақстанның барлық өңірлерінде үлкен сұранысқа ие десек еш қателеспейміз. Ал, Елбасының бастамасына орай бұл өнім түріне қажеттілік одан да артатыны анық.
Берік Дүйсембинов өз тарапынан қандай депутаттық қолдау керектігін сұрады. Әрине, зауыт өнімін көптеп шығарып жатса да, аяфққа оралғы болар мәселе де жоқ емес. Мысалы, күзгі уақытта теміржол вагондары болмай, жұмыстың ырғағын бұзады. Себебі, теміржол бойындағы жолдарды әркім меншіктеп алуы себепті өз жерінен өткені үшін қыруар қаржы талап етеді. Бұл мемлекеттің стратегиялық нысандары болуға тиіс еді. Бірақ, майшелпек ақша табу үшін жеке адамдарға кім сатып жібергені тағы түсініксіз.
Кәсіпорын басшысы Мырзабай Әбдіхалықов өз өнімдерін Ресейге өткізуде кедергілер өте көп екенін айтты. Талаптарды алға тартып, біздің өнімдерді алмауға саясат ұстанған. Сонда Еуразиялық одақ несін қарап отыр. Әлде бұл Ресей үшін ғана тиімді одақ па?!
Шынында, солай екенін аңғарамыз. Біздің тәуелсіздігіміз осы арқылы да жаншылып жатыр. Ал, керісінше, Ресей тауарлары біздің елімізге еш кедергісі өтеді. Біз неге олар сияқты істемейміз. Әлде оған қауқарымыз жоқ па?
Қарап отырсақ, мәселе көп. Ең қиыны осының зардабын кәсіпкерлер тартады. Үкімет те осыған бір назар аударуы тиіс. Әйтпесе, ондай одақтың бізге көк тиынғы қажеті болмай қалады.
Халық қалаулысы осы жолғы сапарында көп жайға қанығып қайтты. Енді ол мәселелер жоғары жаққа жеткізілсе деген тілегіміз бар. Ол да уақыттың еншісінде нәрселер ғой.
Бақыт Смағұл.