27
Тамыз

Санат жоқ 27.08.2018

«Ақжолдық» зиялылар Көкшетау тарихымен танысты

 2018 жылғы 27 тамыз, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы
«Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясының депутаты Берік Дүйсембинов бастаған зиялы қауым өкілдері Көкшетау қаласында болып, тарихи орындарды аралады. Халық қалаулысымен елге танымал журналист, жазушы Арман Сқабылұлы және Ақмола облыстық филиалының төрағасы Бақыт Смағұл бірге болды.

            
Алдымен үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың ескерткішіне тағзым етіп, ұлы тұлғаның данагөй істерін еске алысты.
Хан ескерткішіне жапсарлас орналасқан Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап көрді. Музей директоры елордалық меймандарға өлке тарихы жайлы мол мағұлмат берді.

            
Мұнда қазақтың басын қосқан Абылай хан мен ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесары хан жайлы деректермен қатар, Ақмоланы айнала орналасқан көне өркениеттерден сыр шертетін жәдігерлер де назарға ұсынылды. Әсіресе, Ерейментау мен Қорғалжындағы бағзы заманда өмір сүрген бабалардан қалған ескерткіштер көшірмелері тәнті етті.

            
Көкшетау – тарихи мекен. Маңайы тұнып тұрған тарих. Келімді-кетімді меймандар осы мұражайға бас сұғып, ұлы дала сырларына қанығады.