2018 жылғы 5 қыркүйек, «Ақ жол » ҚДП баспасөз қызметі
«Ақ жол» депутаттары Үкіметке əлеуметтік осал топтарға алғашқы жарнаның жартысын субсидиялау арқылы «7-20-25» бағдарламасын ынталандыру бойынша жергілікті әкімдіктердің көрсеткен оң тәжірибесін зерделеуді жəне оны бүкіл бағдарламаға таратуды ұсынды – тиісті депутаттық сауалды бүгін Берік Дүйсембинов жариялады. Сауалдың мәтіні төменде келтірілген.
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банктің төрағасы
Д. Ақышевқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Данияр Талғатұлы!
Қазақстан Республикасы Парламентінің 4-ші сессиясының ашылуындағы сөзінде Елбасы Н.Назарбаев бес әлуметтік бастаманың сапалы түрде іске асуының өте маңыздылығын тағы да атап өтті. Әсіресе, аталған бес бастаманың ішіндегі бірі де бірегейі, ол, тұрғын үйге мұқтаж жандардың баспаналы болуы, яғни 7-20-25 бағдарламасының жүзеге асуы.
Осы орайда, «Ақ жол» фракциясының депутаттары жазғы аймақтарға барған іс сапар барысында осы бағдарламаның қалай орындалып жатқанымен танысып, облыстардағы қала тұрғындарымен, құрылысшы кәсіпкерлермен және банк өкілдерімен кездесулер өткізген еді.
Барлық жерде қарапайым азаматтар осы бағдарламаны қуанышпен және үлкен үмітпен қарсы алды. Естеріңізге сала кетейін, өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасын талқылағанда үйдің ресми кезегінде 1,5 млн адам тұрса, тағы 1 млн азамат үй салу үшін жер учаскесін күтуде. Яғни, баспанаға мұқтаждардың саны 2,5 млннан асады. Міне, Елбасымыз бастаған 7-20-25 бағдарламасының потенциалды қатысушыларының саны осынша.
Алайда, осы жылдың 29 тамызында Ұлттық банктің және «Баспана» ипотекалық компаниясының ақпаратына сүйенсек 7-20-25 бағдарламасы бойынша бүкіл елімізде, үй алуға небәрі 1803 өтініш тіркелсе, оның 1190-ні ғана мақұлданған. Бұл деген 1процент емес, тіпті бір промилле де емес, көп болса промилленің жартысы.
Мысалы, Түркістан, Маңғыстау облыстарында – 0, Солтүстік Қазақстан облысында - 1, Атырау облысында– 1, Павлодар облысында - 9, Жамбыл облысында - 10 өтініш тіркелген. Әрине мұндай көрсеткіштерге көңіл толмайды.
«Ак жол» фракциясының депутаттары сайлаушылармен кездескен кезде осыншама мардымсыз нәтижелердің себептері не екенін анықтауға тырысты.
Шындығында, оған жергілікті мемлекеттік органдар мен бағдарламаның өзіндегі кейбір шарттары кінәлі.
Ең алдымен жергілікті органдар қолында мыңдаған баспанаға мүдделі адамдардың тізімі бар екеніне қарамастан,ол адамдарға бағдарлама туралы хабар берместен,кездейсоқ жерден естір деп кабинеттен шықпай күтуде. 21 ғасырда икемділік танытып, тізімдегі азаматтарға қоңырау шалып, шақырып бағдарламамен таныстыруға болмай ма. Кезектегі адамдардың барлығы емес бір проценті қатысқанның өзінде бүгін осы бағдарлама арқасында бүгінгі бір мың емес,кем дегенде 25 мың адамды үймен қамтитын едік.
Кейбір аймақтарда бағдарламаның шарттары жергілікті ерекшеліктерге сай келмейді. Мысалы еліміздің ең халқы көп,ал орташа жалақысы ең төмен аймақтардың бірі-Түркістан облысы мен Шымкент қаласы. Бұл жерде көпшілік отбасы көпбалалы екен,сондықтан мұнда бір екі бөлмелі пәтер таршылық етеді.
Ал бағдарлама шарты бойынша үйдің бағасы 15 миллион теңгемен шектелген. Шымкентте бұл сомаға бағдарламаға сәйкес келетін тек екі бөлмелі пәтер ғана. Осы аядай үйге 4-5 баламен қалай сиясыз. Жақында ғана Шымкент қаласын Астана, Алматымен теңеп, мегаполис деп жарияласақ,неліктен үйдің бағасын екі есеге төмендетіп отырмыз
Біздің ойымызша бұл бағдарлама үш бағытқа арналған. Алдымен үйсіз-күйсіз жүрген отандастарымызды баспанамен қамту. Екіншіден,банктерді ипотекалық несиелендіруге қайта тарту. Үшіншіден тұрғын үй құрылысына жаңа серпін беру. Біздің байқауымызша, осы бағдарламаны дайындау барысында Ұлттық банк нақты жағдайды толық ескермеген.
Озық ойлы,еліне жанашыр әкімдер шамалары келгенше бағдарламаның шарттарындағы осы кемшіліктердің орнын толтыруға тырысуда. Мысалы, дәл сол Шымкент қалалық әкімшілігі кейбір әлеуметтік топтарға көмек қолын созып, алғашқы жарнаның жартысын өз мойындарына алуда. Яғни, мұқтаж азаматтарға және ипотекалық несиелендіруге қосымша ынталандыру табылуда.
Бірақ, бізді «Ақ жол» бизнес партиясы ретінде осы бағдарламаға қатысып отырған құрылыс компаниялардың жағдайы да алаңдатады. Қала салушылар ассоциациясының айтуынша соңғы жарты жыл ішінде негізгі құрылыс материалдарының бағалары күрт өсуде. Мысалы цемент бағасы екі есе, металлопрокат екі жарым есе өскен. Мұндай жағдайда бағдарламада көрсетілген бағамен үй салу өз өзін ақтамайды.
Кеше ғана сіз құрметті Данияр Талғатұлы, Үкімет отырысында инфляция әрі қарай өсе береді деп болжам жасадыңыз. Осыған қосымша дәлел - Қазақстан құрылысшылар одағының ақпараты бойынша көп кәсіпкерлер құрылыс саласынан шығып, саудаға көшуде немесе мүлдем бизнеспен айналысудан бас тартуда.
Құрметті Данияр Талғатұлы, осы жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, «Ак жол» фракциясының депутаттары Сізден:
1.Шымкент қаласының республикалық статусын ескере отырып, 7-20-25 бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздың жоғарғы шектеуін 15 миллионнан 25 миллион теңгеге көтеруді;
2.Алғашқы жарнаның жартысын субсидиялау тәжірбиесін бүкіл елімізге таратуды қарастыру;
3.Бағдарламаға қатысатын құрылыс компанияларды инфляция мен құрылыс материалдарына өскен бағалардан қорғау механизмдерін әзірлеп, немесе құрылыстың өзіндік құнын қайта есептеуді сұраймыз.
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары