27
Қыркүйек

Азат Перуашев Санкт-Петербург Орман технологиялық университетінің ректорына осы оқу орнының түлегі Әлихан Бөкейханның мемориалды тақтасын орнату туралы ұсынысын жолдады

27 қыркүйек 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Азат Перуашев Санкт-Петербург Орман технологиялық университетінің ректорына осы оқу орнының түлегі Әлихан Бөкейханның мемориалды тақтасын орнату туралы ұсынысын жолдады.

            
Хатта есімдері тарихқа енген және әлемге танымал көрнекті тұлғалар аталмыш жоғарғы оқу орнының қабырғасында оқып, жоғары білім алғаны жөнінде айтылған. Университет түлектерінің бірі –  XX ғасырдың басындағы Ресей мен Қазақстанның ірі қоғам әрі мемлекеттік қайраткері Әлихан Бөкейхан.
Ол I Мемлекеттік Думаның депутаты, Уақытша үкіметтің комиссары болған. 1917 жылдың қараша айында Бүкілресейлік құрылтай жиналысында депутат болып сайланды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық қозғалысының көшбасшысы, «Алаш-Орда» Қазақ автономиясының негізін қалаушы және жетекшісі болғандықтан ол шын мәнінде Қазақстанның мемлекеттілігін қалыптастырудағы біртуар тұлға болып саналады.
«Ғалым және мемлекет қайраткері ретінде оның орасан зор еңбегін мойындап, А.Бөкейханға құрмет білдіре отырып, «Ақ жол» фракциясының депутаттары Сізден университеттің бас оқу корпусының ғимаратына келесідей жазбамен мемориалды тақтаны орнату мүмкіндігін қарастыруыңызды сұрайды:
«Бұл жерде 1890-1894 жылдары I Мемлекеттік Думаның депутаты, «Алаш-Орда» Қазақ автономиясының жетекшісі, публицист, ғалым-энциклопедист – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (Бөкейханов) білім алған».
Бұл жобаны қаржыландыруға қатысты барлық мәселелерді «Ақ жол» партиясы жүзеге асырады», - деп айтылған Азат Перуашев қол қойған өтініш хатта.