«Ақ жол» партиясы Алматыда Елбасы Жолдауын талқылады
15 қазан 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалы
Ағымдағы жылғы 13 қазанда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауын талқылауға арналған «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалының конференциясы өтті.
Конференция жұмысына Партия төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, фракция депутаты Ерлан Барлыбаев, Партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, Орталық Кеңес хатшылары Әбдіразақ Сұлтанов, Нұрлан Жазылбеков, еңбек ардагері Көпесбай Жампейісов, ҚазҰУ доценті Арман Жұмәділ, кәсіпкерлер Марал Томпиев пен Дмитрий Васильев және партия белсенділері қатысты.
Күн тәртібінде қарастырылған бірінші мәселе – Елбасы Жолдауын талқылау аясында Азат Перуашев онда жүктелген міндеттерді негізге ала отырып, арнайы баяндама жасады.
«Біз әдеттегідей Президент өзінің Жолдауында экономика, мемлекеттік басқару, бизнесті қолдауға қатысты көкейтесті мәселелерге басымдық береді деп күттік. Алайда, биылғы үндеудің ерекшелігі де сол – Елбасы басты назарды қарапайым адамдардың мүддесі мен қатардағы ел азаматтарының тұрмыс сапасына аударды. Бұл біз күтпеген жағдай болды. Өйткені, бүгінде әлем елдерінің көшбасшыларын алаңдатқан тек қор нарығындағы ахуал, тауарлық тартыс, я болмаса санкциялар екені баршаңызға мәлім», - деп атап өтті өз сөзінде Азат Перуашев.
Партия жиынында көтерілген екінші мәселе – «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалының төрағасын сайлау. Дауыс беру нәтижесінде Нұрлан Әбдіжапарұлы Жазылбеков «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасы болып бірауыздан сайланды.
Осы орайда, «Ақ жол» жастар қанатының да аталмыш іс-шараға белсене атсалысқанын айтып өткен жөн. Олардың арасында басым бөлігі ауылдан келген студенттер болды. Сондай-ақ, Президенттің үндеуін асқан қуанышпен қарсы алған жастар өкілі «Ақ жол» партиясының өткен жылы жатақхана мәселесі жөнінде көтерген бастамасы үшін өз алғыстарын білдірді.
Жиын соңында партияның жаңа мүшелеріне билеттер табысталып, конференция күн тәртібіндегі аталған мәселелер бойынша қаулы қабылдады.