24 қазан 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы
Елбасының биылғы Жолдауы негізінен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталады. Әлеуметтік түйткіл мәселелер әр өңірде бар. Қыс маусымы жақындаған сайын көмір отынына деген сұраныс артып, осы отынмен қамтамасыз ететін салада делдалдар да көбейетіні еш жасырын емес.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Көкшетау қаласындағы осы мәселеге назар аударды. Осындағы бірнеше көмір отынын сататын теміржол тұйықтарында болып, істің мән-жайына қанықты.
«ИВВИ» жеке кәсіпкерлігінің өндірістік орталығында кезек күткен көліктер көзге шалынды. Бірақ, оншақты көлік кезегі күнделікті қалыпты көрініс екенін сұрап білдік. Бұл адамдардың жаз бойы алаңдамай, қара суық келгенде ғана қамданатын жайын еске салады.
Көкшетау қалалық әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы Досбол Сағындықовтың айтуынша, күн сайын облыс орталығына шамамен 4-5 вагон көмір отыны келсе, оның 80 пайызға жуығы халыққа босатылады екен. Отынның бағасы қалыпты деуге болады. Кейбір кәсіпкерлер бағаны шарықтатуға тырысса, оған жол берілмейді. Себебі, қала бойынша осындай сегіз орталық болса, оның үшеуі тек жеке тұлғаларды қамтамасыз етеді.
Парламент өкілі Меруерт Қазбекова Көкшетауда көмір отынына тапшылық жоқ екенін көріп, халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне де ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті.