24
Қазан

Жайлы пәтерлер жеңілдікпен беріледі

24 қазан 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы

Елбасының биылғы Жолдауында жас отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге де мән беріледі. Жергілікті жерде бұл мәселе қалай шешімін табуда? - деген сауал әркімді толғандырады. Парламент Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Көкшетау қаласындағы салынып жатқан еңселі тұрғын үйлерді аралап көрді. Қопа көлін жиектей салынған биік үйлердің біразын өңірге танымал кәсіпкер, «Ақ жол» ҚДП мүшесі Ғалымжан Копишев пайдалануға берді.

          

«Ақжолдық» кәсіпкер іс сапармен сырт өңірде жүргендіктен, депутатты қарсы алып, тұрғын үйлердің жай-күйімен таныстырған осы кәсіпорынның «Бизнес орталығын» басқаратын Руслан Шакиров құрылыс ырғағының барысын әңгімелеп берді. Қазірдің өзінде төрт бірдей тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Бұл  негізінен «Өз үйім» бағдарламасы бойынша қолға алынған бастама екенін айтты.

          

Елбасының бес әлеуметтік жобасы аясында да көп пәтерлер өз иелерін табуда. «7-20-25» бағдарламасымен де жеңілдік несиелерге құжаттар рәсімделіп жатыр.

          

Мәжілісмен және «Ақ жол» партиясының Ақмола облыстық филиалының басшысы Бақыт Смағұл пәтерлерді де аралап көрді. Осы заманғы талапқа сай бөлмелері де кең, құрылыс материалдары да сапалы екені байқалады. Халық қалаулысы құрылыс барысына өзінің қанағаттанатынын жеткізді. Партиялас кәсіпкерге өз тарапынан ризашылық айтуды да ұмытпады.