24
Қазан

Коммуналдық саланың шешетін өз мәселесі бар: Меруерт Қазбекова Щучинскідегі коммуналдық саланың жай-күйімен танысты

24 қазан 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Елбасы Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді.

Ол алғашқы жиынды өңірдегі туризм кластері саналатын Щучинскіде өткізіп, осындағы коммуналдық саланың жай-күйімен жан-жақты танысты. Аудандық әкімдік ғимаратында өткен басқосуға аудан орталығындағы тұрғын үй-коммуналдық сала кәсіпорындары жетекшілері, пәтер иелері кооперативтері басшылары және кәсіпкерлер қатысты.

           

Жиынды ашқан Щучинск қаласының әкімі Бегахмет Махметов Президенттің Жолдауын түсіндіру бағытында Парламент депутаттары өңірлерге жұмыс сапарымен шыққанын, осы басқосуға Меруерт Қазбекованың арнайы қатысып отырғанын атап өтті. Халық қалаулысының соңғы жылдары Бурабай курортты аймағын дамытуға қатысты реформаларды жүзеге асыруға арналған жиындарда орынды мәселелер көтеріп, ұсыныстар айтып жүргенін де еске салды.

           

«Ақ жол» фракциясының депутаты өз сөзінде Елбасы Жолдауының өміршең қырларына кеңінен тоқталды. Мұнда ауызға алынбаған сала жоқ десе де болады. Ең бастысы, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын шешу, әл-ауқатын жақсарту ерекше назарда ұсталады. Қарапайым ең төменгі жалақыны көтеру, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын үстемелеу, кәсіпкерлерге қайтарымы бар несиелер беру бүгінде күн тәртібінде тұрған маңызды жайлар.

            

Алайда, тұрғын үй-коммуналдық салада шешілмеген мәселе өте көп. Пәтер иелері кооперативтері тек тұрғындардан қаражат жинаумен ғана айналысады. Бұл Елбасының да аузынан айтылды. Сондықтан халық қалаулысы бұл мәселені осындай кездесулер арқылы шешудің жолдарын қарастыру тиімді екенін айтты. Осыған дейін де бұл өңірде Парламент өкілімен көп өзекті мәселелер шешімін тапқан еді.

Елбасы Жолдауы орындалуы тиіс. Бұған жергілікті монополиялық кәсіпорындар да баса назар аударуға міндетті. Тарифтерді негізсіз көтермеу, сапалы қызмет ұсыну уақыт талабындағы мәселелер екені көбірек ауызға алынды.