01
Қараша

Үкімет нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту Бағдарламасына бағытталған «Ақ жол» депутаттарының ұсыныстарын қолдады

1 қараша 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі

Үкімет нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту Бағдарламасына бағытталған «Ақ жол» депутаттарының ұсыныстарын қолдады – бұл туралы ағымдағы жылғы 26 қыркүйекте жолданған депутаттық сауалға Премьер –Министрдің берген жауабынан белгілі болды.

           

Естеріңізге сала кетейік, сол кезде депутат Дания Еспаева осы Бағдарламаға ү.ж. сәуірде енгізілген жаңа өзгертулерді қатаң сынға алған болатын. Онда ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда несие сомасы 2,5 мың АЕК-ге дейін шектеліп, бағдарламаға қатысушылар кемінде екі жұмыс орнын құру қажет деген талап қойылған еді. Алайда, Еспаева атап өткендей, ауыл тұрғындарының 5-8 мал басын немесе 10 соттық жылыжайды ұстауға шамалары әбден жетеді, жұмыс орындарының қажеті жоқ, мәселен ЖК-такси жүргізушісіне.

Оның үстіне, үш жылдан астам тіркеу мерзімі бар жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер Бағдарламаға қатысушылардың тізімінен алынып тасталды, оқыту курстарынан өткені туралы сертификатттың қолданылу мерзімін шектеді - оны алған күннен бастап 24 ай ішінде ғана несие алуға болады.

Осы орайда, «Ақ жол» фракциясы Үкіметке жоғарыда аталған олқылықтарды жою жөнінде ұсыныстарымен жүгінді.

Үкіметтің (10.23.2018 ж.) жолданған депутаттық сауалға берген жауабында қазіргі кезде Бағдарламаның мәртебесін үкіметтіктен мемлекеттікке ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде деп айтылған.
«Осы жұмыстың шеңберінде Бағдарламаға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі, атап айтсақ:
- Бағдарламаға қатысушылардың санын үш жылдан астам мемлекеттiк тiркеу мерзімі бар жұмыс істеп тұрған кәсiпкерлермен толықтыру;
- микронесиелендіруге ие болатындардың жұмыс орнын құруы бойынша талаптарды төмендету;
- зәкірлік кооперативті дамыту үшін ауылдық жерлерде микрокредиттің максималды мөлшерін – 5 мың АЕК-ден 8 мың АЕК-ке дейін ұлғайту», - деп хабарланған Б. Сағынтаев қол қойған хатта.
Бұдан басқа, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтағандар үшін сертификаттың жарамдылық мерзімін шектеу белгіленбеген және олар микронесиелендірудің басым құқығына ие екендігі бұл жауаптан белгілі болды.
«Ақ жол» депутаттары кәсіпкерлердің бастамаларына жедел түрде үн қатып, қолдау көрсеткені үшін Үкіметке өз алғысын білдіреді және бұл толықтырулар – нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту Бағдарламасын іске асыруда тиімді қадам болады деп есептейді.
«Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы отандық бизнестің мүддесін қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.