ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Е. Шөкеевке
7 қараша 2018 ж. жарияланды
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Өмірзақ Естайұлы!
Қазақстанда ет өндірісі, ауыл шаруашылғының ең негізгі және басым саласының бірі болып табылады. Елбасы 2014 жылғы Жолдауында, елімізді аса ірі аймақтық ет экспортёрі ету жөнінде міндет қойған.
Содан бері, Үкімет, аталған саланы дамытуға бағытталған бірқатар бағдарламалық құжаттарқабылдады.
Ет өндірісі өнімді болу үшін ірі қараның асыл тұқымдарын пайдалану қажет екендігі күмәнсіз. Сондықтан олардың санын көбейту үшін импорты субсидиялауға және оларды бағып қағуға мемлекет әжептеуір қаражат бөлуде.
Осы жылы Үкімет асыл тұқымды малдың өнімділігін арттыру үшін субсидияның жаңа Ережелерін бекітті. Ал, Ережеде отандық ірі қара малдың етті тұқымдарының санын ұлғайтуды ынталандыру шаралары қарастырылмаған – импорттық аналық мал басын субсидиялауды сақтап қалып, ал отандық асыл тұқымды таналарды сатып алу мемлекеттік қолдаудан тыс қалып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 1992 жылы елімізде жаңа Әулиекөл арнайы етті ірі қара тұқымын шығару жұмыстары сәтті аяқталды. Осы жұмысқа отандық селекционерлер мен ғалымдардың 30 жыл қажырлы еңбегі мен өмірі арналды. Бұл Әулиекөл тұқымы қазақстандық брендке айнала алатын отандық селекцияның алғашқы және әзірге жалғыз жетістігі болып отыр.
Бұл тұқымның ең басты ерекшелігі - ол біздің қатаң климатқа бейімділігі және етінің жоғары сапасы. Төлдеу қабілеті өте жоғары, орташа көрсеткіші 80-85 пайыз, жақсы күтім көрсе 97-100 пайызға жетеді. Осы қасиеттеріне орай, Әулиекөл тұқымы еліміздің барлық өңірлеріне кең тараған.
Біздің елімізге кез-келген тұқымның аналық мал басын әкеліп, ол үшін субсидия алуға болады. Алайда, Әулиекөл тұқымы Қазақстаннан басқа жерде жоқ, сондықтан оны ешқайдан әкеле алмаймыз. Қазақстан ішінде асыл тұқымды аналық басты сатып алуды субсидиялау тоқтатылса, ет өндірушілер толығымен импорттық асыл тұқымдарды әкелуге мәжбүр болады. Осының салдарынан уақыт өте келе жалғыз қазақстандық, экспорттық потенциалы жоғары тұқымның саны азаяды.
Құрметті Өмірзақ Естайұлы! «Ақ жол» фракциясы, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, отандық селекция жетістігін сақтап қалу үшін, тиісті мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруды сұрайды.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясы